Ақтөбеде жасөспірім суға батып кетті
10:43, 23 Мамыр 2025
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Мектеп оқушысының денесі Шалқар көлінен табылды. Ол тыйым салынған жерде суға шомылған.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы жедел-құтқару жасағы 15 жастағы жасөспірімнің денесін Шалқар көлінен шығарды.
- Қайғылы оқиға 22 мамыр күні сағат 17:00 шамасында болды. Жасөспірім шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға батып кеткен.
Іздеу жұмыстары дамба маңындағы аумақта жүргізілді. Мұндағы тереңдік 4-6 метр. Аталған жерде шомылуға тыйым салынғаны туралы белгі орнатылған,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, екі күн бұрын Ақтөбеде 4 жасар бала суға батып кетті. Баланың денесін сүңгуірлер 2 метр тереңдіктен алып шықты. Былтыр Ақтөбеде 13 адам суға батып кетті. Оның 9-ы кәмелет жасқа толмаған.