Ақтөбеде жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде полицей оққа ұшты

АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков/ - Бүгін Ақтөбеде полиция қызметкері мен 10 шілде күні жас жігітті өлтірді деген күдікті азамат арасында атыс болды, оның барысында полиция қызметкері қаза тапты.

Бұл туралы агенттікке берген сұхбатында ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

Оның айтуынша, 25 шілде күні Ақтөбе облыстық ІІД қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы қызмет жауынгерлерімен бірлесе атқарған шара кезінде қаланың жағармай стансыларының бірінде 10 шілде күні Теміров есімді азаматты өлтірген деген күдікпен қылмыстық топ мүшелерін құрықтады. Олардың бірінен 9 мм. оқтары бар «ТТ» тапаншасы тәркіленді.

«Жұбановтар көшесінде төртінші күдіктіні - еш жерде жұмыс жасамайтын 24 жастағы ақтөбелікті ұстау кезінде, полицейлер мен оның арасында атыс туындады. Жас жігіт ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсетті. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жақын жердегі үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, күдіктінің көзі жойылды. Одан полицейлер тегіс ұңғылы шолақ мылтық пен оқ-дәрілерді тапты», - деді Н.Ораз.

ҚР ІІМ хабарлауынша, олардың қылмыстық байланыстарын анықтау мақсатында ІІД қызметкерлері тергеу шараларын кең ауқымда жүргізді.

Мәселен, шұғыл түскен ақпаратты тексеру кезінде «Жаңа жол» саяжай алабындағы салынып бітпеген үйде полиция қызметкері ұлты азиаттық әйелді байқап қалады, ол өзін сол үйдің иесімін деп таныстырып, полиция қызметкерін үйге бастап кіреді. Сол кезде ғимаратта оқ атылып, үйде жарылыс болған. «Облыстық ІІД экстремизммен күрес басқармасының 1983 жылы туған шұғыл өкілі Рүстем Кенжалин оққа ұшып, қаза тапты», - деп толықтырды Н.Ораз.
Одан бөлек, ол оқиға орнында тағы бір адамның мәйіті мен жарақат алған ер адам табылғанын атап өтті. Олардың кім екені анықталып жатыр. Жарақат алған күдікті ауруханаға жатқызылды.

ҚР ҚК 96 «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.