Ақтөбеде жекеменшік үйдегі жарылыстан алты адам зардап шекті

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Кеше кешқұрым Ақтөбе қаласы маңындағы Заречный-1 кентіндегі екі иеліктегі жекеменшік үйде газ жарылды. Жарылыс туралы хабарлама ТЖ қызметіне сағат 21.06 минутта түсті.

Бүгін облыстық ТЖ департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Айман Күмісбаева хабарлағандай, оқиға орнына келген ТЖ қызметкерлер жартылай құлаған үйді және жарылған 5-литрлік баллонды көрген.

Жарылыстан және өрттен 6 адам зардап шекті. Оның ішінде он жасар бала бар. Олардың беттері мен бастарын 2-3 дәрежелі күйік шалған. Барлығы дерлік жедел медициналық көмек ауруханасына жеткізілді. Бастапқы нұсқа - газ баллонның неліктен жарылғаны тексерілуде.