Ақтөбеде «Жыл 12 ай» кейіпкерлерінің мерекелік керуені өтеді

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Керуен сауда орындарын аралап, ақтөбеліктерді құттықтайды. 31 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында 1400-ден астам полиция мен әскери қызметші кезекшілікке шығады.

31-желтоқсан күні Ақтөбеде көпшілік-мәдени шаралар ұйымдастырылады. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, сағат 11:00–ден 14:00–ге дейін қалалық мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдары мерекелік керуен ұйымдастырады. Керуен бес бағыт бойынша жүріп, сауда орталықтарын, базарлар мен тұрғын үй алаптарын қамтиды. Өнерпаздар ән айтып, би билейді, ойын ойнайды.

I керуен: «Әлия» сауда орталығы, «Алтай» базары, «Дина» гипермаркеті және «Keruen City» ойын-сауық орталығына барады.

II керуен: Есет батыр тұрғын алабы арқылы жүріп өтіп, «Дина» және «Анвар» супермаркеттерінің алдына, Орталық базар алаңына және «Астана» сауда орталығына тоқтайды.

III керуен: «Анвар» гипермаркеті мен «Dalida» сауда орталығын қамтиды.

IV керуен: «Шығыс» базары мен «City Shopping Center» сауда орталығына барады.

V керуен: «Табыс» базары, «Тұрғындар қалашығы» базары арқылы өтіп, әуежай бағытына қарай бет алады.

— Кешкі сағат 20:00–ден 22:00–ге дейін Қалалық мәдениет үйінің алаңында, қалалық әкімдік алдындағы алаңда, «Авиатор» саябағында, Есет батыр тұрғын алабындағы «Дина» супермаркетінің алдында, сондай-ақ Құрайлы, Сазды және Нокин атындағы мәдениет үйлерінің алаңдарында қала тұрғындары үшін жаңажылдық концерт өтеді. Жергілікті әртістер ән айтып, театрландырылған қойылымдар сахналайды. «Жаңа жыл ғажайыптары» атты басты мәдени іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алаңында сағат 20:00–ден 01:00–ге дейін жалғасады. Бағдарламада қаланың үздік әртістері мен музыканттарының қатысуымен мерекелік концерт, ертегі кейіпкерлері қатысатын театрландырылған қойылым және жарқын бикеші жоспарланған. Мерекелік шара отшашумен аяқталады, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге 31 желтоқсанынан 7 қаңтарға дейін 1408 полиция қызметі, ҚР Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 100 қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Олар мерекелік серуен өтетін орындарда, саябақтарда, гүлзарларда, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің жанында кезекшілік етеді.

Айта кетейік, 31 желтоқсан күні түстен кейін Астананың алты ауданының он жерінде қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік жаңа жылдық концерттер өтеді.