Ақтөбеде жылы аялдамалар құрылысы әлі аяқталмай тұр

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Құрылыс қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Әзірге кейбір ескі аялдамалар сүріліп, жаңасының қаңқасы ғана тұр. 

Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі ескі аялдамаларды жаңғырту кезінде оны сенімгерлік басқаруға беруге шешім қабылдады. Орнына жылы аялдама салынып жатыр. Сонымен бірге жаңа шағын аудандарға да бірден жылы аялдама орнатылады. Кәсіпкер орынды сатып ала алмайды, тек жалдайды. Талап бойынша алдын ала келісім жасалған сызбаға сай павильон салуы тиіс.

– Бүгінгі таңда 26 аялдама павильоны сенімгерлік басқаруға берілді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жан-жағын абаттандырады, ішін таза ұстайды. Қыста жылы, жазда салқын болуы тиіс. Бейнебақылау камерасын қондырады. Балалар мен мүгедектігі бар адамдардың арбасына арналған пандус қарастырылуы тиіс. Сонымен бірге қоқыс жәшіктерін орнатып, ұялы телефон қуаттайтын мүмкіндік жасалады. Адамдарға арналған екі орындықтың жалпы ұзындығы 3 метрден кем болмауы тиіс. Сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер электр желісін тартуға арналған жер жұмыстарын кеш бастаған. Жылы аялдамалар құрылысы қаңтар айының соңына дейін жалғасады, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 

Қазіргі кезде аялдамалардың бірінде құр қаңқасы тұрса, кейбірінде құрылыс жұмыстары аяқталып қалған.

Айта кетейік, биыл жыл басында Павлодар қаласында жабық типтегі 12 жылы аялдама болды. Алайда іші өте салқын болып, тұрғындар шағым айтты.