Ақтөбеде жылы аялдамалар құрылысы ұзаққа созылып кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе әкімдігі аялдама құрылысын аяқтамаған кәсіпкерлермен арадағы келісімшартты үзбек. Қазір іс сотта қаралып жатыр. 

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласында бірнеше ескі аялдама сүріліп, орнына жаңасы салынып жатыр. Сонымен бірге шағын аудандарға жаңасы орнатылды. Дегенмен құрылысын аяқтау, электр тогына қосу жұмысы ұзаққа созылып кетті.

– Қаладағы 25 жылы аялдаманың 5-еуі іске қосылды, үшеуінде электр желісін тарту жұмысы жүріп жатыр. Ал 12-сінде электр желісі жүргізілді, тек қосылу үшін «Энергосистема» ЖШС-нен рұқсат күтіп отыр. Құжаттарын тапсырды. Ал қалғаны бойынша келісімшарттың талаптарын орындамағаны, мерзімінде іске қоса алмағандары үшін сотқа берілді. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Жалпы кәсіпкерлер жылы аялдамаларды іске қосуда электр желісін тарту қиынға соққанын айтты. Оның ішінде электр тогына қосу нүктесі алыс болған. Сөйтіп уақыт жоғалтқанын және шығын көбейгенін айтып отыр, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото: Алтынай Сағындықова

Еске салсақ, Ақтөбе қаласындағы жылы аяқтамалар құрысы былтыр аяқталуы керек еді. Алайда биыл қаңтарға ысырылды. Қазіргі кезде әлі іске қосылмай тұр.