Ақтөбеде жылыту маусымы қашан аяқталады

Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыс орталығындағы тұрғын үйлерде жылу 17 сәуірден бастап сөндіріледі. Ал медициналық нысандар мен балабақшада айдың соңына дейін жалғасады.

«Aqtobe su-energy group» АҚ жылумен жабдықтау жөніндегі бас инженері Олжас Мектепбаевтің айтуынша, биыл жылыту маусымында ірі апатты жағдай болмады.

— Қала әкімінің қаулысы бойынша жылыту маусымы 1 қазаннан басталды. Тұрғын үйлер мен ғимараттарда, мектептерде 199 тәулікке созылады. Бұл 17 сәуірге келіп тұр. Медициналық және мектепке дейінгі ұйымдарға 210 тәулік белгіленген. Мұнда 28 сәуірде аяқталады, — деді Олжас Мектепбаев.

Aqtobe su-energy group жылыту маусымы аяқталған соң келесі кезеңге дайындалады. Биыл 3,84 шақырым жылу желісі алмастырылады. Бұл жұмысқа 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шымкент қаласында 2025-2026 жылғы жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталады