Ақтөбеде жылу маусымы қашан аяқталатыны белгілі болды

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында жылу 20 сәуірден бастап сөндіріледі. Алдымен тұрғын үйлерден басталады. 

Ақтөбе қалалық әкімдігі биыл жылыту маусымы қай уақытта аяқталатынын түсіндірді.

— Қала тұрғындары жылудың қашан өшетінін сұрап жатыр. Жылу беру маусымын өткізу қағидаларына сәйкес егер бес тәулік қатарынан түнгі уақытта ауа температурасы +10°С және одан жоғары болса, жылу беру тоқтатылады. Қазір түнгі уақытта ауа температурасы бұл деңгейден төмен болып тұр. Сонымен қатар синоптиктердің болжамы бойынша алда күн суытады. Екінші онкүндікте ауа температурасының түнде -3+2°С дейін, күндіз +3+8°С дейін төмендеу мүмкін. Сондықтан жылу беруді тоқтатуды 20-25 сәуір аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланды. Көппәтерлі үйлерде 21 сәуір, ал әлеуметтік нысандарда (балабақша, мектеп, аурухана) 25 сәуірде сөндіріледі, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында сәуір айының екінші онкүндігі әдеттегіден салқын болады. Сонымен бірге облыстың солтүстігінде жауын-шашын нормадан жоғары болуы ықтимал.