Ақтөбеде жоқ малға субсидия алды деген күдікке іліккен экс-депутат ісі сотта қарала бастады
Ақтөбе қалалық сотында 457 млн теңге шығын келтірді деген күдікке ілігіп, жоқ малға субсидия алды деп айыпталып жатқан экс-депутат ісі қарала бастады, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбелік экс-депутат биыл мамыр айында ұсталды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, шаруа қожалығы атынан жем-шөпке субсидия алуға өтініш берген. Ал шын мәнінде ол көрсеткен мал мүлде болмаған. Сондай-ақ «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 600 бас ірі қара мал сатып алуға берген несие қаражатын заңсыз алған.
«Н. «Қобда Агро» шаруа қожалығының басқару үшін иесін көндіріп, нотариус арқылы сенімхат иеленеді. Кейін қожалық төрағасы бола тұра 1200 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара алу үшін «Сыбаға» бағдарламасына өтініш жазады. Шын мәнінде ол мал алуды жоспарламаған. Құжат рәсімдеу кезінде Н. «ГерефордОрганик» жауапкершілігі шектеулі қоғамымен арадағы келісімшарт, сонымен бірге мал ұстайтын бірнеше база мен жер телімі және сатып алатын 1200 МІР кепілге қояды. Сонымен бірге 46,3 млн теңге болатын өзінің 275 бас мүйізді ірі қарасының құжатын ұсынады. 41,1 млн теңге болатын 163 бас қазақтың ақбас сиыры, құны 120 млн теңге болатын 500 бас абендин-ангус тұқырды ірі қараның құжатын береді. Бірақ құжаттары жалған. «Қобда Агро» ШҚ-да мұндай ірі қара болмады. Сөйтіп Н. кепілге қоятын мүлік туралы жалған ақпарат берген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы 780 млн теңге өтінішін қанағаттандырады. 2021 жылы 11 қазанда қарыз алушыға несиенің 50% берілді. Барлығы 390 млн теңге бөлінді. 2021 жылдың 28 желтоқсаны күні 390 млн теңге «Қобда Агро» ШҚ есепшотына түседі. 2021 жылдың 30 желтоқсаны күні Н. ақшаны «Талан» ШҚ есепшотына, сонымен бірге өзіне тиесілі «Қобда Beef» шаруа қожалығының есепшотына аударып, иемденеді. Ол электронды қолтаңбаны пайдаланып, жем-шөпке субсидия алуға өтініш береді. Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына жалпы сомасы 67,2 млн теңге шығын келтірді»,- деді мемлекеттік айыптаушы Асел Есетова.
Айта кетейік, экс-депутат мамыр айынан бері қамауда отыр. Ол сотта өзіне тағылған айыппен келіспеді. Сот отырысы келер жылы жалғасады.