Оқиға Алматы ауданындағы Әйтеке би көшесінде орналасқан үш қабатты көппәтерлі үйде болған. Өрт туралы хабар түскен бойда оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жедел жетті.
Барлау барысында тұрғын үйдің бірінші қабатындағы қоғамдық тамақтану нысанының ішінде өрт шыққаны анықталды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқарушылар оларды баспалдақ арқылы шұғыл түрде эвакуациялаған.
— Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрт шағын аумақта жедел сөндірілді. Түтін басқан үйден 14 адам, оның ішінде 6 бала эвакуацияланды, — деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында қоқыс өртенгенін хабарлаған едік.