Ақтөбедегі неке сарайында 26 жастағы әйелді пышақтап өлтірді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбеде неке сарайында 26 жастағы әйелді пышақтап өлтірді. Қылмысқа оның бұрынғы күйеуі күдікті. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оқиға бүгін, 2026 жылғы 3 қарашада болған. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат ішінен айқайлаған дауыстар естілген. Полиция оқиға орнына жеткенде әйел қансырап, еденде жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оқиға куәгерлері қайғылы жағдайдың алдында марқұм мен бұрынғы күйеуі арасында жанжал болғанын айтады. Олардың сөзінше, ер адам әйелдің басқа азаматпен қарым-қатынаста болғанына наразы болған. Марқұмның бірнеше баласы бар екені де айтылды. 

Полиция күдіктіні қылмыс болғаннан кейін көп ұзамай ұстаған.

— Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің кім екені анықталып, ізін суытпай қолға түсті. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде көпқабатты үйдің ауласында әйелді пышақтап кеткенін хабарлағанбыз.