Ақтөбедегі ірі су қоймаларының тең жартысынан астамы бос тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қарғалы, Сазды, Ақтөбе су қоймалары су қабылдауға дайын. Үшеуінде 300 млн текше метрден астам бос орын бар.
Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ақтөбе су қоймасында 58% немесе 141 млн текше метр, Қарғалы су қоймасында 68% немесе 192 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 61%, яғни 4,5 млн текше метрден астам бос сыйымдылық бар. Бұған дейін үш су қоймасы да тексеруден өткен әрі қауіпсіздік декларациясы әзірленді.
— Тасқын қаупінің алдын алуға және оның салдарын азайтуға бағытталған кешенді шаралар тұрақты түрде жүргізіп келеді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, режимдік және күзет шаралары қамтамасыз етілген. Барлық су шаруашылығы нысанында инертті материалдар дайындалған, сондай-ақ жанар-жағармай қоры бар резервтік дизель генераторлар қарастырылған. Қазіргі уақытта барлық су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда, — деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе облысындағы филиал директоры Ринат Шауенов.
Сонымен қатар үш су қоймасында да Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің орталық басқару пультіне біріктірілген жергілікті хабарлау жүйесі жұмыс істейді. Қосымша радиостанциялар сатып алынды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде көктемгі су тасқыны кезеңіне 2 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника дайын. 400-ден астам мотопомпа, 105 жүзу құралы бар.