Қараңғы көшелер, ескі субұрқақтар: Ақтөбеде қараусыз қалған аумақтар қалай өзгеріп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Урбанистика және жер мониторингі орталығы биыл 26 жобасы іске асырып жатыр. Бәрі де бос тұрған аумақты абаттандыру, жайлы орта қалыптастыруға бағытталды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбедегі урбанистика орталығы 2017 жылы құрылды. Содан бері орталықтың атауы сан мәрте ауысып, құрылымы өзгерді. 2020 жылы орталық Ақтөбе қаласы әкімінің қаулысы негізінде қайта құрылды.

Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне қарасты «Ақтөбе қалалық урбанистика және жер мониторингі орталығы» КММ-де 50 адам жұмыс істейді. Оның 11-і мобильді топ және төртеуі урбанист. Коммуналдық мекеменің өз бюджеті жоқ, ірі жобалар қаладағы бөлімдер арқылы іске асырылады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Урбанистика орталығы заңсыз құрылыс, жарнамаларға мониторинг жасап, бұзушылық анықталса тиісті органдарға хабарлайды. Мобильді топ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 4,7 млн теңгеге 55 айыппұл салды, 89 ескерту берді. Сонымен бірге заңсыз сауда ұйымдастырғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-бабы бойынша 27 айыппұл салынды, 35 ескерту берілді. Көшеге заңсыз қойылған 27 павильон алынды. Орталық мамандары бұл жұмыстарды полиция қызметкерлерімен бірге атқарады, — деді Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бейбарыс Серіков.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қалалық урбанистика және жер мониторингі орталығының негізгі міндеті — әлеуметтік және қоғамдық мақсаттағы объектілердің форэскизін дайындау, графикалық бағдарламалармен жұмыс істеп, жетілдіру, сәулет келбетін және қалалық ортаны жақсарту, қоғамдық тыңдау өткізіп, қалада жайлы орта қалыптастыру.

— Мамандар әуеліқараусыз қалған, тозығы жеткен аумақтарға, кеңістікке анализ жасап алады. Жаңғырту, қайта қалпына келтіруді қажет ететін аумақты да тізімге алып, талдау жүргізіледі. Содан соң тұрғындардың демалысына, еркін қозғалысына ыңғайлы жоба әзірленеді. Урбанистер мен сәулетшілер бірігіп, алдымен жобаның сызбасын сызады. Әрі қарай заманауи бағдарламалар арқылы жетілдіреміз, өзгерістер енгіземіз. Демеуші табылған кезде жоба құрылысқа беріледі. Кейде құрылыс басталар кезде тұрғындардың талап-тілегі ескеріледі. Кәсіпкерлер де өз ұсынысын айта алады. Көбіне ол жерлер қараңғы болады. Жарықтандыру жүгізіліп, орындықтар орнатылады. Жасыл аймақта суару жүйесі енгізіледі. Ескі субұрқақтар іске қосылады. Бейнебақылау камерасы да қауіпсіздікке, тәртіпті қамтамасыз етеді. Қаржы бюджеттен бөлінбеген соң жобаны өзгертуге мүмкіндік бар. Былтыр 15 жоба, биыл 26 жоба іске асып жатыр, — деді Бейбарыс Серіков.

Негізінен демеуші қаржысы есебінен салынатын сквер жобасы көпшілік талқылауына шығарыла бермейді. Абаттандыру, көгалдандыруды қажет ететін аумақ таңдалған соң жоба дайындалып, демеушілермен кездесу өткізіледі. Дәл сол аумақта тұрғындар да өз ұсынысын айта алады. Егер тұрғындар тарапынан қарсылық көбейсе, жоба өзге жерге ауыстырылады. Ақтөбе қаласында мұндай бір жоба болды. Сонымен бірге қала тұрғындары да жобасын ұсынады, бірақ бұл кезде бір адамның емес, сол аумақ тұрғындарының пікірі ескеріледі.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Қоғамдық тыңдау үлкен жобаларды, бас жоспарға сәйкес келетін ірі нысандарды салу кезінде болады. Ал шағын сквер демеуші қаржысы есебінен бой көтеріп жатыр. Сәйкесінше барынша жайлы орта қалыптастыруға бағытталып, бірден іске асырылады, — деді Б.Серіков.

Урбанистика орталығы қаланың ескі бөлігін жаңғырту, абаттандыру жобасын да әзірлеп жатыр. Тарихи келбетін сақтап, қайта жаңғырту кезінде теміржол вокзалы аумағы да қамтылады. Сонымен бірге тұрғындар өтінішімен қоғамдық тамақтану орындары қарастырылады.

— Әлемде, Қазақстанда урбанистика орталықтарына көп көңіл бөлініп жатыр. Астана қаласында жайлы ортаны қалыптастыру үшін түрлі жоба іске асты. Ерекше саябақ, демалыс орындары бар. Бұл жұмыс өңірлерде де атқыралады, — деді ол.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыруда Астананың Урбанистика орталығының тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізуді тапсырды.

Петропавлда урбанистика департаменті «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрамында жұмысын бастап кетті. Жаңа құрылымның директоры болып Ринат Джуасбаев тағайындалды. Штатта бес адам еңбек етеді.