Ақтөбедегі жарылыс: Көпқабатты үйдегі 6 пәтер бүлінді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жарылыс болған үйдегі 4, 5, 6 подъезде әлі де жарық өшіп тұр. Тұрғындар туған-туысы мен әкімдік дайындаған жатақхананы паналады.
Ақтөбеде жарылыс болған үйдің жарамды немесе апатты екенін енді мамандар ғана анықтайды. Облыстық ТЖД-нің құтқарушылары кеше иісшіл иттердің көмегімен үйді түгел қарап, аралап шықты. Мамандар 6 пәтердің бүлінгенін анықтап отыр.
- Алдын ала болжам бойынша жарылыс газ-ауа қоспасы, яғни, табиғи газдан болуы мүмкін. Қазіргі кезде 73 адам эвакуацияланған болса, оның 10-ы М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің №2 жатақханасына орналасты, өзгесі туған-туыстарына кетті. Жарылыс кезінде пәтерде 1 адам болған. Құтқарушылар иісшіл итпен бірге аумақты түгел қарап шықты, ол жерде басқа адам болмады. Қазіргі кезде 6 пәтерге зақым келді. Әкімдік комиссиясы үй конструкциясын сараптап, нақты шешімін айтады. Үйді тек сараптамадан соң ғана апатты деп тани алады. Қазір 4, 5, 6 подъездерінде жарық жоқ. Ол подьездерде әзірге адам тұрмайды,- деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Евгений Овчарский.
Айта кетейік, кеше Ақтөбе қаласы Абай даңғылындағы көпқабатты үйде жарылыс болып, артынша пәтер өртенді. Төтенше жағдайлар департаментінен 48 қызметкер және 15 техника, денсаулық сақтау саласынан 15 адам және 5 техника, сондай-ақ долиция департаментінен 15 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылды.
Осы оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабы бойынша қозғалды.