Ақтөбедегі жарылыс: Сарапшы мамандар үйдің жарамдылығын тексеріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Сарапшылардың қорытындысына қарай көмек түрі анықталады.
Ақтөбе қалалық әкімдігі комиссия құрып, үйдің жағдайын анықтайтын мамандар жұмысқа кірісті.
- Қазіргі уақытта «КазИнжинирингЦентр» ЖШС-нің сарапшы мамандары оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Жалпы осы үйдің жағдайын анықтау және бұдан әрі үй тұрғындарына жасалатын қолдау шаралары үшін сарапшылар қорытындысы қажет. Тұрғындардың бір тобы жатақханада жатыр. Олар үш мезгіл ас-суымен және жеке гигиеналық заттармен тегін қамтамасыз етіліп отыр,- деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 4-маусым күні кешкілік Ақтөбе қаласы Абай даңғылында жарылыс болып, бір адам қаза тапты.
Жарылыс болған үйдегі 4, 5, 6 подъезде жарық өшіп тұр. Тұрғындар туған-туысы мен әкімдік дайындаған жатақхананы паналады. Әзірге 6 пәтердің бүлінгені анықталды.