Ақтөбедегі жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: Фото: Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде жол-көлік апатынан соң қылмыстық іс қозғалды. 

Ақтөбе облыстық прокуратурасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

- Оқиға орнына облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы мен аудандық прокуратураның басшылығы шықты. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік апаты салдарынан «Lada Largus» көлігінің 8 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Олардың жеке басы анықталып жатыр. «Toyota Hilux» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушы Мұғалжар ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды. Тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынды, - деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, оқиға бүгін Ақтөбе-Атырау тасжолында болды. 

- Тергеу аясында жол-көлік апатының себептерін және онда қаза тапқандардың жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушысын жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.