Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері әскери институтының жаңа жатақханасы ашылды
Жатақханада әуе және инженерлік батальондардың курсанттары, сондай-ақ әскери медицина мамандығы бойынша оқуға алғаш қабылданған курсант қыздар тұрады.
Күрделі жөндеуден өткен 280 орындық жатақханада болашақ офицерлердің демалуы, бос уақытын тиімді өткізуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Жатын бөлме, ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесі, психологиялық, рота командирлері мен олардың орынбасарлары, взвод сержанттарының командирлеріне арналған кабинеттер, қаруды сақтау және тазалауға арналған бөлмелер бар. Ғимараттың бірінші қабатында науқастарды емдейтін орындар қарастырылған, сондай-ақ әскери қызметшілердің дәрігерлік комиссиядан өтетін бөлмелері орналасқан.
Ғимараттың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов қатысты.
«Биыл Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына 200-ден астам курсант түссе, оның 18-і - қыз. Оқу орнына алғаш рет қабылданған курсант қыздар еліміз үшін маңызды салаға үлес қосуға дайын екендерін көрсетіп келеді. Авиация саласына мамандар даярлауда Ақтөбедегі институт маңызды орынға ие. Мұнда облыс, республиканың түкпір-түкпірінен ғана емес, шет елдерден де келіп оқуға түседі. Демек, оқу орнын бәсекеге қабілетті деп айтуға толықтай негіз бар», - деді облыс әкімі.
Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов та оқу орнының маңыздылығы туралы тілге тиек етіп, жаңа жатақхананың ашылуы әскери бөлімдерде әскери ведомство іске асыратын үлгілік жоба екенін алға тартты.