Ақтөбедегі «Айс-плюс» сүт кәсіпорны өндіріс көлемін ұлғайтпақ

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Ақтөбеде Индустрияландыру картасының аясында 2015-2017 жылдары іске қосу көзделген жалпы сомасы 9,3 млрд. теңгені құрайтын, 659 жаңа жұмыс орны құрылатын 10 жоба іске асырылуда. Соның бірі - Ақтөбені сүт өнімдерімен қамтып отырған «Айс Плюс» кәсіпорны. Аталмыш кәсіпорын бәсекеге қабілетті, өндірісте табысты болу үшін өнім көлемін ұлғайтуды қолға алып отыр.

«Айс-плюс» ЖШС сүт кәсіпорны жаңа өндірістік қуатқа ие болып, жұмысын жандандыра түсті. Германиядан заманауи желіге тапсырыс беріп, жақында жаңғырту жұмыстарын бастамақ. Жаңа жоба бойынша «Айс Плюс» кәсіпорнында йогурттың бірнеше түрі мен ірімшік өндіріледі. Ал жылдың басында Болгариядан әкелінген желіде өнімнің сыртқы қаптамасы жаңартылып, ыңғайлы пластикалық бөтелкелерге құйыла бастады.

«Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдерін Ақтөбеде екінің бірі пайдаланады. Қазіргі уақытта облыстағы сүт өнімдері нарығының 60 пайызын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттырмақ ниетте.

Жыл басында Болгариядан құны 200 млн. теңге тұратын желі әкелініп, өндіріс көлемі артты. Бұл құрылғы сағатына 6000 бөтелкеге сүт өнімдерін құяды. Өнімдер құйылатын пед-құтылардың сыйымдылығы - 900 грамм. Айран, сүт, биоөнімдердің бірнеше түрі осы жаңа ыдысқа құйылады.

1999 жылы бұрынғы қалалық сүт зауыты базасында ашылған «Айс» кәсіпорны алғашқыда тек балмұздақ шығарумен ғана айналысты. 2002 жылы қышқыл сүт өнімдерін шығаратын цех ашылып, қосымша «Айран», «Ряженка», «Снежок» секілді түрлі сүт өнімдері сауда сөрелеріне қойыла бастады. 2005 жылдан бастап үшінші цехтың жұмысы жолға қойылды. Қазіргі уақытта «Айс» серіктестігінде сүт өнімдерінің қырыққа жуық түрі шығарылады. Олардың ішінде майлылығы әртүрлі айран, «Ряженка», «Снежок», «Варенец», қаймақ, йогурттар, сүт өнімдері, балмұздақтың түр-түрі бар.

Кәсіпорында 220 адам жұмыс істейді, тұрақты айлығын алады. Зауытта айына 800 тонна өнім өндіріледі. Қаладағы барлық супермаркет сөрелерінде жергілікті сүт өнімдері тұр. Кәсіпорын рубль бағамына байланысты ақпан айынан бері Ресейге өнім шығаруды тоқтатқан болатын. Енді экспортты қайта жандандырып, көрші елмен сауда-саттық байланысын орнатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, сыртқы нарыққа шығарылатын өнімнің көлемі екі есеге артатын болады. Зауыт басшылары «Айс Плюс» кәсіпорнының өнімдері арзан бағамен нарықты жаулаған Ресей өнімдерімен қатар тұра алатындығын айтады. Сапалы өнімге сұраныс барын ескеретін болсақ, бұл кәсіпорынның болашағы жарқын деп есептеуге болады. Ақтөбеліктер 15 жылдан бері осы зауыттың сүтін алып келеді. Ал, кәсіпорын басшыларының көздегені өнімді республикалық көлемде тарату және сыртқы нарықты да көздеу.