Ақтөбедегі бұрынғы химия зауытының орнын тазарту жобасы ескіріп қалды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Алға ауданындағы химия зауытының орнын тазарту жұмысын жүргізуге арналған жоба ескіріп қалды. Биыл жобалық-сметалық құжат қайта өңделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Алға қаласында С. Киров атындағы химия зауыты болды. Мұнда мыңдаған адам жұмыс істеп, өндіріс орны 90-жылдардың соңына дейін сақталды. Банкрот болған компанияның қазір қаңыраған ғимараты ғана қалды. Бәрі улы, зиянды болған соң, оны көміп, залалсыздандыру қажет. 2017 жылғы мәліметке сүйенсек, Алға химиялық зауытының орнын залалсыздандыруға 7 миллиард теңге қажет.

Арада жылдар өткенімен, қаржы бөлінбеді. Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Тұрар Қожановтың айтуынша, жоба қайта қаралып, түзетіледі.

«2022 жылы Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тапсырыс беріп, «Ақтөбе Строй Эксперт» ЖШС-і «Қалдықтарды, оның ішінде қауіпті өнеркәсіптік қалдықтарды, бұрынғы Алға химия зауытын түгендеу» жобасын жасады. Қалдықтардың паспортын жасады. Жұмыстар аяқталды, есеп дайындалып жатыр. 2023 жылы «Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды (химиялық және өнеркәсіптік қалдықтарды, шлам жинағыштардың қалдықтарын) жою» жобалау-сметалық құжаттамасын түзету жоспарланып отыр», - деді Тұрар Қожанов.

Сонымен бірге Ақтөбенің экологиялық жағдайына Елек өзенінің алты валентті хроммен ластануы да кері әсерін тигізеді.

«Елек өзені жерасты суларының алты валентті хроммен ластану ошағын зерттеу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 96,4 млнтеңге бөлінді. Ал «Геотерм» ЖШС-імен арадағы келісім 86,8 млн теңгеге жасалды. Мердігер дала жұмыстарын жүргізді. Ұңғымалар мен жер үсті көздерінен су сынамаларын алу аяқталды. Есеп дайындалып жатыр», - деді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Тұрар Қожанов.


Ашық көздерден алынған фото