Ақтөбедегі Президент резиденциясы балаларға арналған нысанға айналады

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласындағы резиденция бұған дейін Мемлекет басшысы мен түрлі қонақтар қабылдайтын қонақүй болса, енді балалардың демалыс немесе сауықтыру орталығына айналады. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің бірнеше аймағындағы резиденция балалардың қажеттілігіне жарайтын болды. Ақтөбедегі ғимаратты лагерь, сауықтыру орны немесе мектепке айналдыру туралы жобалар жан-жақты қаралады.

«Бүгінгі шыққан ақпарат құжат бойынша бізге түседі. Біз ғана шешпейміз. Құжаттары зерттеліп, тексеріліп, Президент басқармасымен кеңесіп, заң бойынша көрсетілген бағдарға толық өткізіледі. Оны өткізбестен бұрын, біз ішін қараймыз. Ішін берілетін мекемеге, мәселен балаларға арналған лагерь, мектеп, сауықтыру орнына сай жабдықтауымыз керек», - деді Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.


Қазіргі уақытта бұл ғимарат Мемлекет басшысы мен шетелдік қонақтар, түрлі делегацияны қабылдайтын қонақүй ретінде пайдаланылады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл ғимаратта тұрмайды.

«Қазіргі уақытта орталықта ешкім тұрып жатқан жоқ. Бұл жер қонақтар үйі, резиденция деп аталады. Келетін делегация сол жерге тоқтайтын. Қаңырап бос тұрған жоқ. Оның барлығын қарайтын, күтетін аздаған адам бар. Енді біздің өңірге не керек, соны ақылдасамыз. Түрлі мемлекеттік органмен бірге мектеп, лагерь, сауықтыру орны секілді жобаларды қараймыз», - деді Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.

Айта кетейік, резиденцияның аумағы, оны күтіп ұстау туралы ақпарат әзірге белгісіз.

ФОТО: Алтынай Сағындықова