Ақтөбедегі сулы-жасыл бульвар Астанадағы сулы-жасыл бульвардың жалғасы болып табылады - Мемлекет басшысы
Бұл - қаланың 140 жылдық мерейтойын тойлау күні пайдалануға беріліп отырған негізгі құрылыс нысандарының бірі.
Ақтөбеліктерді құттықтай отырып, Н.Назарбаев қаланың 140 жылдығына арнайы келгенін айтты. Егер өткен жылы ол Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен бірге осындағы мешіт пен шіркеуді ашса, биылғы жылы бульвардың ашылуына қатысып отыр.
«Ақтөбедегі бүгінгі сулы-жасыл бульвар Астанадағы сулы-жасыл бульвардың жалғасы болып табылады. Достық пен келісім біздің саясатымыздың негізгі бағыты болып отыр. Достықтың арқасында біздердің әкелеріміз Ұлы Отан соғысында жеңіске жетті. Бүгінгі күні Қазақстан - халықтар достығы мен келісімінің шынайы көрінісі. Қазақстанда сенім-нанымына және ұлтына қарамастан барлығы бірдей өз тілдерін сақтай отырып, өз тарихын үйрене отырып, бейбіт өмір сүру мүмкіндігіне ие болып отыр», - деді Елбасы.
«Біздердің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезінің өткізілу орнына айналуымыз тегін емес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге ие болдық, - деді Президент. - Біздердің бірлігіміз бен бауырластығымыз мәңгілік болсын», - деп сөзін қорытындылады Н.Назарбаев.
Ақтөбеліктердің атынан қоғам қайраткері Закретдин Байдосов сөз алып, бульвардың ҚР Тұңғыш Президентінің атымен аталуын ұсынды. Бүгінгі күні Қазақстанды әлем мойындады, тұрмыс жақсарып келеді, жалақы мен зейнетақы өсуде деп айта келіп, ол Мемлекет басшысына алғысын білдірді.
«Нұрғасыр» мешіті мен Әулие-Никольск шіркеуінің ортасындағы 64 мың шаршы метр алаңға орналасқан Бірлік және келісім сулы-жасыл бульвар әлемдік діндердің рухани бірігуі мен төзімділіктің нышаны болып табылады.
Мемориалдық кешенде тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктері бейнеленген. Кешеннің қасбетінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ең асыл қазына - бірлік» деген сөздері алтын әріптермен жазылған. Кешеннің сыртқы түрі киіз үйдің шаңырағына ұқсас етіп жасалған. Оның төменгі бөлігі тайқазан пішінінде, оның ішіне айқара ашылған кітап орналастырылған. Оның беттерінде Елбасының ақтөбеліктерге арналған: «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен - Ақтөбе!» деген игі тілегі жазылып, қолы қойылған.
Оның жанындағы 170 орындық амфитеатр ақтөбеліктерге осынау әдемі көріністерді тамашалауға мүмкіндік береді.