Ақтөбедегі террорлық актіге бір жыл

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 5 маусым күні Ақтөбе қаласында бір топ террористер«Паллада», «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасалып, №6655 әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасын басып алмақ болды. Террорлық акт кезінде 7 адам қаза тауып, елде Ұлттық аза тұту күні жарияланды. Қауіпсіздіктің қызыл деңгейі бір апта бойы сақталып, соңғы террорист қаладағы Жаманқұлов көшесіндегі жатақханадан ұсталды. Қолдарына қару алып, бейбіт күнде оқ атқандар сотталды. Кейін өңірде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы Бас Прокуратураның бастамасымен қолға алынды. Өңірге 200 маман келді. ҚазАқпарат тілшісі лаңкестік оқиға мен оның салдары, террорлық актпен күрес, күдіктер тізіміндегі қателік пен міндетінен тайқыған әскерилер туралы материалдарды жинақтаған болатын.

2016 жыл. 5 маусым. Бұл күні Ақтөбеде бір топ ер адам жалдамалы пәтерге жиналып, сол жерде қарулы шабуыл жасайтындарын айтып, шешім қабылдаған. Қолдарына қару ұстаған топ алдымен «Паллада» қару-жарақ дүкеніне барып, қаруланып, дүкендегі сатушы Андрей Максименко, дүкен жанынан өтіп бара жатқан Николай Онищенко мен жедел шақыртуға барған күзет қызметкері Мерхан Тәжібаев қаза болды. Кейін қарулы топ екіге бөлінеді. Бірі қаланың екінші бөлігіндегі «Пантера» қару-жарақ дүкеніне бағыт алып, сол жерде балық аулау құралын сатып алмақ болған Михаил Матросов қаза болады. Ал №1 бағыттағы автобусты жолдан тоқтатып, №6655 әскери бөліміне барған екінші топ қақпаны бұзып өтіп, қару қоймасын іздейді. Сол кезде келісім шарт бойынша жұмыс істеп жүрген әскери қызметкер Берік Қалиев соңғы оғы қалғанша атысып, қаза болды. Лаңкестер жол бойында кездескен мойор Даниэль Майлыбаевты, қатардағы жауынгер Досбол Сапаровты да атып, өлтірген. Дәл осы кезде террористердің арасынан да жараланып, қару қоймасын басып алу ойлары іске аспай, бәрі әскери бөлім қоршауынан секіріп, қашып, бой тасалады. Кешкілік ақпараттық сайттарда Ақтөбедегі террорлық акт туралы хабар тарады .  Бірақ қала ішінде байланыс лезде үзіліп, барлық ресми ақпарат тек Ішкі істер министрлігі арқылы Астанадан тарады.  Ақтөбеде антитеррорлық штаб құрылып, барлық күштік құрылым күшейтілген тәртіпте жұмысқа көшті. Қаланың кіре беріс, шығу жолдарына әскери бекет қойылып, қауіпсіздік шарасы қолға алынды. Көлік пен адамдар тексеріліп, Ұлттық бірыңғай тест өткізу бір күнге кейінге шегерілді.  Ел ішін үрей билеп, қауіпсіздіктің қызыл деңгейі жарияланды. Халық көп шоғырланатын орындар жабылып, банктер жұмысын уақытша тоқтатты. Базарлардың есігіне құлып салынды. Дәл осы кезде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа үндеу тастап, елді сабырға шақырды. «Ақтөбеліктердің сақтық танытуларын сұраймыз. Күмәнді тұлғаларды байқасаңыздар, 102 нөмірі арқылы Ішкі істер органдарына шұғыл түрде хабарлау қажет. Құрметті жерлестер, сіздерден сабырлық танытуды сұраймыз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Рамазан айының алғашқы күні болған лаңкестік оқиға туралы Сенат, Мәжіліс депататтары пікір білдіріп, олар террорлық акт жасағандарды айыптап, 6 мамыр күні Қазақстанда қауіптің «сары» деңгейі, Ақтөбеде қауіптің «қызыл» дейгейі жарияланды .

Лаңкестік оқиға кезінде жараланғандарды облыстық жедел жәрдем ауруханасы қабылдады. Мұнда күні-түні кезекшілік қойылып, бейбіт, әскери, полиция қызметкерлерімен қатар, жараланған лаңкестерге де ота жасалып, ем жүргізілді . 

Арада екі күн өткенде полиция күдіктілердің тізімін ресми жариялап, қала көшелеріне қылмыскерлердің суреттері ілінді. 7 мамыр күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп, террорлық акт кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, облыс әкімдігі оларға алдымен 1 миллион, кейін 5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беруге шешім шығарды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қабылдап, қарулы қарсылық танытқан жағдайда лаңкестердің көзін жоюды тапсырды. «Қылмыскерлердің бәрін түгел тұтқындау қажет. Қарулы қарсылық көрсеткен жағдайда көздерін жою керек. Барлығы ең қатаң жазаға тартылуға тиіс»,- деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.  Президент халыққа мәлімдеме жасады , елді сабырға шақырды.    

8 маусым күні Ақтөбе, Орал қалаларында жерлеу рәсімдері өтті . 

Ал 9 маусым күні Ұлттық аза тұту күні жарияланды . Елімізде ту төмен түсіріліп, лаңкестік оқиға кезінде қаза болғандарды еске алу шаралары өтті. Жастар, ардагерлер, қаза болғандардың қайғысына ортақтасқан қазақстандықтар қару-жарақ дүкендерінің алдына, №6655 әскери бөліміне гүл қойып, еске алды. Ал лаңкес деген күдікке ілігіп, баласы іздеуде жүрген ата-ана сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Жүрегі ауырған кейбір ана баласының әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады.


10 маусым күні таңда лаңкестік шабуылды ұйымдастырып, ондаған адамды соңынан ертіп, қарулы қарсылық көрсеткен Дмитрий Таңатаров жараланып, оған ота жасалып, бірнеше сағат өткен соң лаңкес ауруханада көз жұмды. Ақтөбе қаласындағы Некрасов көшесінің тұрғындары «Аллаху Акбар» деген айқайдан көз ілмей, арнайы қызмет пен лаңкестер арасындағы болған атыстың бірнеше сағатқа созылғанын айтты. Жалдамалы пәтерде 4 лаңкес қаза болып, тағы үшеуі жан-жақтан іздестірілді. Ал 11 маусым күні түнде Ақтөбе қаласындағы Жаманқұлов көшесінде соңғы арнайы операция жүрді. Бұл жерде Бақыт Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов қолға түсіп, таңертең Арсен Таңатаровтың да тұтқындалғаны мәлім болды. Осылайша, арада тура бір апта өткенде, 12 маусым күні Ақтөбеде арнайы операция аяқталды. 9 лаңкес ұсталды, 18 адамның көзі жойылды. Террорлық топтан 23 қару тәркіленді . Сол күні қауіптің деңгейі «қызылдан» орташа «сарыға» ауыстырылды. 

Сот үкімі. 2016 жыл. 28 қараша. Қолына қару алып, атысып, ел ішін дүрліктірген, қашып, жасырынып, халыққы үрейде ұстаған Ж.Қуанышбаев, Ә.Ақпанбетов, Б.Қуанышбаев, А.Таңатаров, А.Рахметов, А.Садихов, А.Ималиев өмір бойына бас бостандықтарынан айырылды. Ал қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, кейін бой тасалаған Азамат Әбдірахманов 20 жылға, Айдос Жұбанов 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Қарулы шабуыл туралы біліп, хабарламай, үнсіз қалған 18 қылмыскер 2 жылдан 5 жылға дейін сотталды. Ал қылмысты жасырып қалған, пәтер жалдауға көмектескен Мирлан Ердауов 4 жылға бас бостандығынан айырылып, Үсен Өтеповті 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды .  Сот жабық өтті. Сот үкіміне келген туған-туыстары арнайы автобуспен жеткізіліп, таратылды.

Террорлық акттен кейін Бас Прокурор Жақын Асанов бастаған 200 маман «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасымен келіп, бір ай жұмыс жүргізді. Қорытындысында 7 бағыт бойынша 2 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Жақып Асанов радикалдың әлеуметтік портреті жасалғанын айтты. 

Террорлық акттен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбеде 1565 адамның салафизм бағытын ұстанатынын айтты . Елімізде «Терроризм туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бір жылда атқарылған жұмыс тағы да Ақтөбеде қорытындыланды. Мәжілістің көшпелі отырысы таяуда Ақтөбеде өтіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салафизмге заңды түрде тыйым салуды ұсынды .

Ақтөбеде жат діннің жетегіне еріп, елін тастап адасқандарды айыптайтын «Есігімді қаққан кім?» қойылымы көрсетіліп, облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен «Оразадағы ойран» деректі фильмі түсіріліп, көрсетілді.


Террорлық акт кезінде тиісті деңгейде әрекет етпеді деген күдікпен жергілікті полиция қызметінің басшысы Мақсат Шляшев пен оның орынбасары Ермек Шукановтан жауап алынды. Дегенмен бірнеше ай өткен соң Бас Прокуратура полиция басшыларының әрекетінен ешқандай қылмыстың белгілерін таппады. Ал 5 маусымдағы атыс кезінде әжетханаға тығылған №6655 әскери бөлімінің қос майоры Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов сотталды .  Кейін Қайнарбек Тастанбеков рақымшылыққа ілігіп, бұрынғы әскери қызметкер жазасын бостандықта жүріп өтейтін болды.

5 маусымдағы лаңкестік оқиғадан соң қаладағы барлық қару-жарақ дүкендері тексеріліп, қауіпсіздік ережесі сақталмаған «Паллада» дүкенінің иесі Армет Горлаев 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жерде сатушы, күзет қызметкері мен қарапайым тұрған мерт болған еді.

Тағы бір айта кететін жайт, лаңкестердің тізіміне енген ағайынды Қожаниязовтар Ішкі істер департаментінен 10 миллион теңге моральдық шығынды талап етті. Сот үкімімен суретті әлеуметтік желі арқылы таратып жіберген Қостанай облыстық ІІД-і 100 мың теңге моральдық шығынды өтеді.

Ақтөбеде жат діни ағым жетегінде жүргендермен күрес жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Әр аудан әкімі есеп берген кезде қанша адамның адасып жүргенін, түсіндіру жұмыстарынан соң қанша адамның ойы өзгергенін айтып, есеп берумен келеді. Ал облыстық Ішкі істер департаменті 700 террористік қауіп тұрғысынан осал нысандардың әлі де болса төтенше жағдайға дайын емес екенін ескертті. Көбінің күзет қызметі әлсіз .