Ақтөбеге әкелінген понтон көпір кері қайтарылды

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқыны кезеңінде Алматыдан Ақтөбеге жеткізілген понтон көпірдің қажеті болмады. Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бригадасы кеше кері қайтты. 

Алматыдан Ақтөбе облысы Ойыл ауданына келген Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бригадасы екі апта өңірде болды. Алайда техника бұл жолы аса қажет болмады.

— Ойыл ауылына понтон көпір резерв ретінде әкелінді. Күні кеше қайтарылды. Техникалық көпір іске қосылғандықтан понтон көпірін қайтару туралы шешім шығарылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Фото: Алтынай Сағындықова
Фото: Алтынай Сағындықова

Еске салсақ, 18 наурыз күні Қонаев гарнизонындағы Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бригадасы Ойыл ауданына жіберіледі. Мұнда әскерилер қауіпсіз тасымалдау қызметін атқарады деп жоспарланды. 

Себебі ауданға кіреберісте орналасқан негізгі көпір былтыр тасқын кезінде жарамсыз болып қалды. Ал жер өткелді таяуда су шайды. 

Кейін үш күнде мұнда техникалық көпір салынып, қолданысқа берілді.