Ақтөбеге БҚО-дан жеткізілген киіктің 800 бас ұшасы кері қайтарылды
Ақтөбе қаласына Батыс Қазақстан облысынан жеткізілген 800 бас киік ұшасы ет комбинатына өткізу үшін жіберілген. Түрлі себепке байланысты бәрі бір түнде кері қайтарылды, деп хабарлайды Kazinform.
Әлеуметтік желілерде киік етінің келісі 1500 теңгеден сатылатыны туралы ақпарат тарап кетті. Онда көлікке тиеліп жатқан киік ұшасын көруге болады. Тіпті терісі сыпырылмаған.
Ақтөбе облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында ақбөкендерді атуға рұқсат берілген. Ақтөбе облысы бұл тізімде жоқ.
- БҚО атылған киіктерді жақын облыстарға, ондағы ет өңдейтін комбинаттарға жіберген. Алайда Ақтөбедегі ет комбинаттары ақбөкендердің ұшасын өңдей алмайтындықтан, жүк көлігі кейін қайтарылды. Киіктің етін тек ет өңдеу комбинаттарына тапсыруға болады, базарларда сату заңмен тыйым салынған. Ал фото 1,5 ай бұрын түсірілген. Әлеуметтік желідегі жазбаға тақырыпқа сай қолданылған,- деп ақпарат таратты Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринпариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Убайдолла Ауелбаевтың айтуынша, Ақтөбе қаласына көршілес Батыс Қазақстан облысынан 800 бастай киік әкелінді.
- Оларды сойғызу үшін келісімшартқа отырған мал сою объектілерінің бірі есептік нөмірін алмаған, яғни, әлі іске қосылмаған объект. Екіншісінің ветеринарлық-санитарлық сараптама өткізуге лицензиясы жоқ. Етті қайта өңдейтін кәсіпорын арасында баға келісімі болмаған соң киіктердің ұшасын Батыс Қазақстан облысына алып кетті,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.