Ақтөбеге бірнеше өңірден гуманитарлық көмек жеткізілді

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеге Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Алматыдан гуманитарлық көмек келіп жатыр. Қазір эвакуациялық пункттердегі адамдардан шатыр, қап, моторлы қайық, генераторға сұраныс бар. 

Ақтөбе облысында гуманитарлық көмек жинау жұмысы 28-наурыз күні басталды. Қаладағы «Анаға тағзым» орталығы мен жастар ресурстық орталығының ғимараты көмек жинау орнына айналды. Мұнда бүгінге дейін Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстарынан, Алматы қаласынан және Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан көмек жеткізілді. Сонымен бірге облыс тұрғындары азық-түлік пен киім-кешек, төсек-орынды, гигиеналық заттарды тасыды. Оларды көліктен орталыққа, одан қайта көлікке тиеу қызметін еріктілер атқарады. 

Фото: Алтынай Сағындықова

- Әр ауданнан сұраныс қабылданады. Сұраныс негізінде жастар сұрыптап, дайындап береді. Кейін көлік жүргізушілер чатына шығып, жүкті жеткізу орнын айтамыз. Олар кез келген аудан, ауылға жүк көлігімен жеткізіп беріп жатыр. Бәрі тегін. Бүгіннен бастап Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінде үшінші гуманитарлық көмек орны ашылды. Онда қала тұрғындарына қажетті заттар жеткізіледі. Себебі мұнда адамдар жеке келіп, көмек сұрап тұрады. Ал ауқымды жүк жеткізіліп, тасымалданып жатқанда бір адамға көмек беру қиындап кетеді. Енді «Анаға тағзым» орталығынан тек аудандарға жіберіледі, - деді Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ләззат Оразбаева. 

Фото: Алтынай Сағындықова

Қазір Ақтөбе облысы бойынша азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар жеткілікті. Енді шатыр, құм толтыратын қап, моторлы қайық, генераторға сұраныс бар. 

- Қазір бізде кәсіпкерлер заттай да, қаржылай да көмек көрсетіп жатыр. Алматыдан келген жүкте 20 генератор, 6 мотопомпа, 10 үрмелі қайық, 50 су етігі, жарық түсірген құрал бар. Бұл 9 млн теңгенің тауары. Сонымен бірге қарапайым тұрғындар да қолында барын берді. Барлығы 20 үлкен жүк көлігімен тауар келіп, үлестірілді. Жұмысты негізінен жастар атқарып жатыр. Тәулік бойы үзіліссіз қызмет көрсетіп жүрген жастар кейде гуманитарлық көмек орталығында қонып қалады. Алғашында төсек-орын деп жинағанмен, қазір мұнда бәрі бар, - деді Ләззат Оразбаева.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбелік еріктілер арасында жұмысшылар, студенттер мен түрлі сала мамандары да бар. 

Фото: Алтынай Сағындықова

- Бастапқы кезде қайырымдылық көмек деп жеткізілген тауар саны көп болды. Алғашқы бес күнде Ырғыз, Ойыл, Қобда аудандарына зат тиеп беруге көмектестім. Кейінгі үш күнде жүк легі азайғанымен, жауапкершілік төмендемеді. Бізге тізім береді, соны сұрыптап дайындаймыз, тиеп жібереміз, - деді ерікті Ернұр Ұлықпанов.