Ақтөбеге Польшаның Сауда-өнеркәсіптік палатасының делегациясы келді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты еуропалық елдің біздің мемлекетке деген қызығушылығы артуда. Шетел бизнесінің өкілдері Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құрудың әлеуеті зор екенін айтуда.

Өткен аптада Польша Сауда-өнеркәсіптік палатасының делегациясы Ақтөбе облысына танысу сапарымен барып, өңірлік Кәсіпкерлер палатасында болды. Қонақтар қазақстандық кәсіпкерлермен ұзақмерзімді экономикалық қатынастарға мүдделілік танытты.

«Біз құрылыс материалдарын, химиялық өнеркәсіп және жылумен жабдықтау өнімдерін өндіру саласында ынтымақтастықты реттеу үшін келдік», - деп атап өтті Польша СӨП директоры Петр Гузоски кездесу барысында және Ақтөбе облысы бірлескен өндірістер құру үшін үлкен қызығушылық тудырып отырғандығын да атап өтті.

Сауда-өнеркәсіптік палата басшысы таяуда польшалық кәсіпкерлер нарықты егжей-тегжейлі зерделеу, жергілікті тауар өндірушілермен танысу үшін Ақтөбеге келетінін айтты.

«Бірлесіп жұмыс жүргізетінімізге сенімдімін. Қыркүйекте ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға әзірміз», - деп сөзін түйіндеді ол.

Өз кезегінде, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов польшалық әріптестерін Ақтөбеде жыл сайын өткізілетін «Еуропа-Азия: шекарасыз ынтымақтастық» атты халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды және польша кәсіпкерлері делегациясының сапарын ұйымдастыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға уәде берді.