Ақтөбеге шұғыл қонған Boeing-777 ұшағының жолаушысы ұшу кезінде көз жұмған

Фото: Ә.Молдағұлова халықаралық әуежайы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Екатеринбург — Сочи бағытында ұшқан Boeing-777 ұшағының жолаушысы әуеде өзін жайсыз сезініп, сол жерде көз жұмған. Оның 42 жастағы әйел екені белгілі болды.

Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы ресми парақша арқылы қаза болған жолаушының туыстары мен жақындарына көңіл айтты. 

— Ұшақ жерге қонған кезде шұғыл әрекет ету қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жетті. Өкінішке қарай жолаушыны аман алып қалу мүмкін болмады. 1983 жылы туған жолаушы ұшақ Ақтөбе әуежайына қонбай тұрып көз жұмған. Ақтөбе халықаралық әуежайы жолаушының туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Жердегі қызметпен байланысқа шығып, бірге жұмыс істеген әуе кемесінің экипажына алғысымызды айтамыз, — деп хабарлады Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы.

Еске салсақ, Nordwind Airlines әуекомпаниясының Boeing-777 ұшағы шұғыл қонды. Жолаушының бірі өзін жайсыз сезініп, кейін оның көз жұмғаны белгілі болды. Ұшақтан өзге жолаушылар шығарылмаған.