Ақтөбелік ардагерлерге Жеңістің 65 жылдығы медальдары тапсырылуда

None
АҚТӨБЕ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбеде Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құрметтеу шаралары басталды. Қаланың кәсіпорындары мен ұйымдары, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар осы күндері ардагерлерге мерекелік қонағасы жасап, Жеңістің 65 жылдық медальдарын табыстауда. Бүгін «Седьмое небо» мейрамханасында бір топ ардагерлерді қалалық әкімдік пен «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС өкілдері құттықтады.

Шақырылған ардагерлер қатарында Ресей және Қазақстан астаналарында Мамырдың 9-ы күні Ақтөбе өңірінің атынан баратын ардагерлер де бар.

Айталық, Тоқмырза Күнбаев пен Владимир Финютин Мәскеудегі шеруге барады, тағы да алты ақтөбелік ардагер Астанада болатын мерекелік шараларға шақырылған.

Облыс әкімінің атынан Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова құттықтап, облыс басшысының құттықтауын оқып берді. Содан кейін мерейтойлық медальдар табыс етілді.

Сания Қалдығұлованың айтуынша, бұл күндері Ақтөбеде мейрам алдындағы әртүрлі мерекелік шаралар өтуде. Мамырдың 7-сі күні ақтөбелік КСРО батырлары аллеясының алғашқы кірпішін қалау рәсімі болады (бұл 35 батыр және 9 даңқ орденінің иелері).

Бауырластар зираты қайта жаңартылды, онда соғыс жылдарында Ақтөбе қаласындағы №13, 15 орта мектептерде ұйымдастырылған әскери ауруханаларда қайтыс болған 84 жауынгер жерленген.

Сонымен қатар, мұнай өндіретін компания атынан әр ардагерге 20 000 теңгелік сыйақы, базарлық пен жеміс-жидек салынған себеттер табыс етілді.