Ақтөбелік футболшылар енді жарысты Еуропа лигасында жалғастырады

АЛМАТЫ. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - УЕФА-ның Чемпиондар лигасында 3-ші айналымындағы қарымта кездесуде Израилдің "Маккаби" футбол клубына есе жіберген ақтөбелік футболшылар енді жарысты Еуропа лигасында жалғастырады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Владимир Мұқанов жаттықтыратын Қазақстан чемпионының  Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарсыластары тамыздың 7-сі күні өтетін жеребе тастау рәсімінде белгілі болады. Алғашқы  2 ойын тамыздың 20-сы мен 27-сі күндері өтеді. Қазақстан чемпионатының Премьер-лигасында көшбасшылықты биылғы маусымда да сақтап келе жатқан "Ақтөбе" футбол  клубы УЕФА-ның Чемпиондар лигасында шілденің 28-і күні өз алаңында Хайфа қаласының Элиша Леви жаттықтыратын "Маккаби" командасымен   есеп  айрыса алмаған еді. Ал тамыздың 4-і күні сырт алаңдағы қарымта кездесуде 3:4 есебімен есе жіберіп алды. Онда да В. Мұқановтың шәкірттері 3:0 есебімен жеңіп тұрып, қарсыластарына бұл есепті теңестіріп қана қоймай   оны одан ары ұлғайтуына мүмкіндік беріп қойды. Ақтөбеліктер бұған дейін екінші айналымда Исландия чемпионы "Хафнарфьордюр" футбол командасынан сырт алаңда 0:4,  ал өз алаңында 2:0 есебімен айқын басымдықпен ұтқан болатын.