Ақтөбелік қария жаңа жыл мерекесімен құттықтаған Бердібек Сапарбаевқа жыр арнады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қарттар мен мүгедектерді жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Қарттар үйінің тұрғыны Вера Полуэктова облыс әкіміне жыр арнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Ақтөбе облысындағы қарттар мен мүгедектер үйінде 232 адам тұрады. Оның 95-і мүгедек. Қазіргі кезде мұнда медициналық қызмет көрсетіледі, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар бос уақытында қолөнер бұйымдарын жасайды. Әжелер көрпе тігіп, құрақ құрайды. Ер адамдарға шеберхана бөлінген. Бұған дейін ескі көлікпен емдеу орындарына барып жүрген тұрғындарға енді арнайы инватакси сатып алынады. Тұрғындарды құттықтауға барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел үшін еңбек еткен қарияларға алғысын білдірді.
 

«Өмір бойы мемлекетіміздің дамуы, халық тұрмысының жақсы болуы үшін еңбек еттіңіздер. Күштеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді, жас жігерлеріңізді елге бердіңіздер. Біз ұмытпаймыз, білеміз, алдарыңызда басымызды иеміз. Қиын кезде жұмыс істеп, елдің дамуына үлес қостыңыздар. Біз өз кезегімізде өз үйлеріңізде тұрғандай жағдай жасаймыз»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бүгін жаңа жылдық мерекеге орай мүгедектер мен қарттар өлең айтып, замандастарына сый жасады.
Ұлан Абдуғазин өлең айтып,  Вера Полуэктова  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жыр арнады. Ол интернат үйінің жанына аялдама сұрағандарын, бұл сұраныстың орындалғанын жеткізді. 

Айта кетейік, Ақтөбе облысының әкімі жыл сайын қарттар мен мүгедектер үйінің тұрғындарымен кездесіп, тілектерін тыңдайды. Өткен жылы олар кәріз жүйесін жаңартып, аялдамаға қоғамдық көліктердің келуін сұраған болатын.