Ақтөбелік шекарашылар заңсыз өткізбек болған 1 келіге жуық алтынды тәркіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ-ресей шекарасында зергерлік заттарды заңсыз өткізбек болған әйелдің жолы кесілді, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.

«Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Жайсаң» (теміржол) бекетінің бақылаушылары «Ташкент - Мәскеу» поезын тексеру кезінде Өзбекстан азаматшасының қол жүгіне жасырылған зергерлік заттарды анықтады, салмағы 800 грамм болып шықты.

Ұсталған азаматшаның сөзіне қарағанда зергерлік заттарды Әндіжан қаласынан алып, Ресей жерінде сатуға әкетіп бара жатқанға ұқсайды.

Заңсыз өткізбек болған заттары Кеден комитетінің Ақтөбе облыстық департаментіне берілді», - деп жазылған хабарламада. Қазіргі уақытта анықтау жұмыстары жүргізілуде.