Ақтөбеліктер Азиада ойындарының алауын қарсы алды
Ақтөбе халықаралық әуежайында осыған орай салтанатты шара өтті.
Әуежайда делегацияны қала әкімі Архимед Мұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов, «Қазақстанның халық банкі» АҚ филиалының директоры Алаужан Төлегенова, сондай-ақ танымал азаматтар, спортшылар, студенттер күтіп алды.
Алау жеткізілгеннен кейін әуежайда баспасөз мәслихаты өтті. Брифингті өз сөзімен ашқан әкім Архимед Мұхамбетов, осынау айтулы оқиғаны ақтөбеліктердің асыға күткенін, қаланың Алау эстафетасына дайын екенін атап көрсетті. Одан кейін Алау эстафетасы дирекция басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек шараны ұйымдастырушылардың алдында тұрған міндеттер туралы, Олимпиадалық алаудың тарихы жайлы әңгімелеп берді. Брифингтен кейін Азиала алауы полицияның күзетімен Халық банкінің филиалына сақтауға жеткізілді.
Алау эстафетасы бүгін сағат 12.00-де облыстық әкімдіктің алдындағы алаңда басталып, Тұңғыш Президент атындағы саябақта аяқталады.