АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер бүгін киім-кешек, азық-түлік тиелген жүк көлігін Қостанайға жөнелтті. Сонымен бірге облыстық мешіт те көмек жинап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеліктер Қостанай жеріндегі алапат өрттен зардап шеккендерді қолдау мақсатында бүгін азық-түлік, киім-кешек жинады.
«Қостанай облысында басталған табиғи өрттер және көп зардап шеккен отбасыларының балалары туралы хабардан кейін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі жедел штаб құруды тапсырды. Ақтөбеліктер көрші өңірдің Әулиекөл, Ұзынкөл және Қарабалық аудандарының тұрғындарына моральдық және материалдық гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Ақтөбе облысының әкімдігі көрші облысқа дәрі-дәрмектер, киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиена заттары және т.б. гуманитарлық автокеруен жіберді. «AMANAT» партиясының филиалдарында 13 гуманитарлық көмек пункттері ашылды. Оған немқұрайлы емес азаматтар киім, төсек-орын жабдықтарын және бірінші кезекте қажетті заттарды алып келіп жатыр»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге облыстың орталық мешітте көмек штабы құрылды. Ол жерде киім-кешек, азық-түлік, қаржы жинау жұмысын имам жүргізеді.
Айта кетейік, «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы Ерлан Жамантаевтың айтуынша, Ақтөбе-Қызылжар ойыны кезінде билеттен түскен қаржының бәрі қостанайлықтар үшін ашылған арнайы қорға аударылады. Сонымен бірге клубтың демеушілері де қаржы аудармақ. Олардың арасында жанкүйерлер тобы бар.