***
1997 жылғы 26 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде «Құпия соғысқа қатысқандар шындықты енді жасырмағандары жөн» деген тақырыпта мақала жариялаған еді. Арада біраз уақыт өткен соң бұл мәселеге қайта оралуды жөн көрген басылым сенбілік санында «Құпия соғысқа қатысқандар шындықты толық айта алмай жүр» деген тақырыппен мақала басып отыр. Мұның себептері неде, алғашқы мақаланы жазуға түрткі болған жайттар қандай екендігін білгіңіз келсе, басылмның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
Қазіргі кезде Ұлттық Банктің құрылымына кіретін Қаржылық қадағалау комитетінің Қаржылық қызмет көрсетуде тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде күрделі қаржылық мәселелерге жауап бере алатын, қолданыстағы заңнаманың нормаларын түсіндіре алатын, қаржы мекемелері мен оның клиенттері арасында туындайтын шиеленісті жағдайларды талдай алатын кәсіби мамандар жұмыс істейді. ҚҚК аббревиатурасы қолданысқа енді ғана кіріге бастағанына қарамастан, аталған департамент қазақстандықтардың көбіне жақсы таныс. Міне осы ведомствоның тыныс-тіршілігімен етене таныс болғыңыз келсе, «Егемен Қазақстан» газетіндегі аталған департамент басшысы Ләззат Үсенбековамен арадағы «Қаржылық қадағалау комитетіне жіберілген бір де бір өтініш назардан тыс қалмайды» деген тақырыппен берілген сұхбатты жіберіп алмаңыз.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, жақында ғана тағайындалған Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ауылдағы ахуалды көріп, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру және әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатымен облысқа сапарға шықты. Тұрғындардың жұмыссыздығы, жастар тәжірибесі, су мен газ, мектеп, балабақша мәселелеріне қатысты сан қырлы сұрақтары сапар барысында өз жауаптарын тапқандай болды. Әкімнің сапары жайында «Ақтөбеліктер тыныштықты қалайды» деген мақалада кеңінен баяндалған.
Халқымыздың «аяғына қарап, асын іш» деген сөзінің маңызы бүгінде күрт артып келеді. Рас, бабаларымыз бұл сөзбен ыдыстың тазалығына көбірек тоқталса, бүгін одан бөлек сапасына да қатаң назар аудару қажет болып отыр. Өйткені республикалық СЭС мамандары көтерме сауда орындарындағы арзанқол керамика және фарфор ыдыс-аяқтарынан қорғаысын, мырыш, кадмий сынды адам денсаулығына қауіп төндіретін химиялық заттардың мөлшерден 20-30 есе артық екендігін анықтапты. Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Сапасыз ыдыс-аяқ қатерлі ісікке бастайды» деген мақалаға көз салыңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Кеңесте рұқсат құжаттарын алудың және қысқартудың бірыңғай жеңілдетілген тәртібін белгілеу, олардың бірыңғай тізімін жасау, сондай-ақ бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру туралы мәселе қарастырылды. Одан басқа, мұнда қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелер де қаралды. Аталған мәселелер бойынша Экономикалық даму және сауда, сондай-ақ Әділет министрліктерінің ақпараты тыңдалды.