Бұған дейін аталған инситуттың нұсқаушылары Чехияда үш айлық оқу курсынан өтті. Олар онда Full flight simulator жаттығу алаңдарында жаттығып, сертификатпен марапатталып, осы ұшақ моделін пайдалануға рұқсат алып келген болатын.
Іс-шара алдында ұшуға дайындық барысы туралы баяндама жасалды. Содан соң лента қию рәсімі болды. Ұшу алдындағы нұсқаулықты алған соң чехиялық нұсқаушы мен қазақстандық әскери ұшқыш подполковник Қаныбек Шинбаев әуеге көтерілді.
– Ұшақтың бұл түрі курсанттарды, ұшқыштар мен әскери-көліктік авиацияның инженерлік-техникалық құрамын оқытуға өте қолайлы. Әуе кемесі заманауи авионикамен, навигациялық жүйемен жабдықталған, ұшу тұрғысынан көптеген мүмкіндікке ие, – деп атап өтті аға ұшқыш (нұсқаушы) – экипаж командирінің көмекшісі капитан Тимур Калин.
Естеріңізге сала кетейік, әскери-көліктік авиация мамандарын оқытуға арналған ұшу аппараттары өткен жылдың желтоқсан айында институттың балансына келіп түскен болатын. Енді алдағы жаз айларында курсанттар жеңіл әрі қос моторлы ұшақтар арқылы практикалық дайындықтан өтуге мүмкіндік алады.