Ақтөбелік депутаттардың автогаз бекетін тексеру ұсынысы қолдау таппады

Фото: Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ұсыныс Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды. Алайда Кәсіпкерлік кодексінің 144 бабына сәйкес тексеру жүргізілмейтіні туралы айтылып, тағы да еске салды.

Ақтөбе қалалық мәслихат депутаттары автогаз құю стансаларын тексеру туралы ұсыныс айтты. Ал облыстық сұйытылған газ жеткізушілер қауымдастығы оған қарсы шығып, кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады. Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі, құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының өкілі Құндыз Сейітбаттал Кәсіпкерлік кодексінің 144 бабына сәйкес заң бұзушылықтар тіркелсе және прокуратураның санкциясы болса ғана тексеру жүргізілуі мүмкін екенін айтты.

- Басқа аймақтағы қайғылы оқиға кәсіпкерлерге қысым көрсетуге негіз бола алмайды. Заң бұзушылықтар туралы нақты ақпарат болмаса үшінші тұлғалардың, тіпті депутаттардың бастамасы тексерулерге себеп бола алмайды, - деді Құндыз Сейітбаттал.

Ақтөбе облысында 2023 жылы ауқымды тексеру болған. Сол кезде автогаз құю стансаларында қауіпсіздік нормаларынан ауытқу дерегі тіркелмеді, барлық стансада рұқсат құжаты болды.

- Біз қауіпсіздік пен профилактиканы қолдаймыз. Бірақ саланың тұрақты жұмысына қауіп төндіретін тексеру қажет емес. Әрбір станция ол - жұмыс орны, салық түсімі, логистика және халықты отынмен қамтамасыз ету көзі. Негізсіз тексеру болса газ тапшылығынан бастап әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін, - деді Ақтөбе облысы бойынша бизнес-омбудсменнің уәкілетті өкілі, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Куйшинов.

Еске салсақ, Атыраудағы автогаз бекетінде болған жарылыстан соң ақтөбелік депутаттар тексеру туралы ұсыныс айтты. Жалпы елімізде 3 мыңға жуық жанар-жағармай стансасы, 2500 автогаз құю стансасы бар. Олардың жұмысын ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті қадағалайды. Алайда қазір Кәсіпкерлік кодексі кез келген уақытта тексеруге қолбайлау болып тұр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шектеу жойылады.