Ақтөбелік күйші оннан астам этно аспапты меңгеріп алды

Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік күйші Әлібек Ынтағали сазсырнай, шаңқобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген, уілдек, дабыл секілді этноаспаптарды меңгеріп алған. Ол қазір қылқобызды үйреніп, аспаптарды оқушыларға таныстырып жүр. Kazinform түрлі аспапты үйрену жолы мен оның сырын сұрады.

- Әуелі өзіңізді танып алсақ...

- Мен Ақтөбе облысында тудым. Балалық шағым Алға ауданында өтті. Әкем жүргізуші болды, ал анам бізді бағып-қағып, оқытты. Үйдегілер мен 4-сыныпта оқып жүргенде Алғадағы музыкалық мектепке берді. Үш жыл бойы Қарлыға апайдан тәлім алдым, домбыра шертуді үйрендім. Содан кейін Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатқа іріктеуге барып, емтихан тапсырып, өтіп кеттім. 7-сыныпты бітіріп барған мен ол жақта қайта 7-сыныпқа түстім. Бұл заңдылығы екен. Бірақ үлгерімім жақсы болып, 7-8 сыныпты бір жылда оқып шықтым. Сөйтіп 8, 9, 10-сыныптарды сонда оқыдым. Этно аспаптарға қызығушылығым сол кезде оянды десем де болады.

- Алматыға барғанда тек домбыра шерте білетін бе едіңіз...

- Тек домбыра тартқан едім. Ол жерге еліміздің түкпір-түкпірінен үздіктер жиналды. Бала дегенімізбен бәрі дарынды, білімді өнерпаздар. Тәрбие алдым, шыңдалдым. Домбыраны таныдым десем болады. Бірақ мектепті бітірмей, ауылға қайтуды ойладым. Шынымды айтсам, жырақта жүріп, ауылды ойладым, кері қайтқым келді. Туған жерді, даланы аңсап, сағындым. Мен ғана емес, үйдегілер де айта алмай жүрген. Әсіресе әжем «балаламды қаңғытып жібердіңдер» деп сөйлейді екен. Алматыда домбыраны, содан кейін Талғат Мұқышевтан сыбызғыны үйрендім. «Ақтөбеге сыбызғыны үйреніп ораламын» деген мақсат қойдым. Алматыдан соң Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Бірден 3-курсқа қабылдандым. Талап Хамзиннен тәлім алдым. Ол жоқтан бар жасай алатын адам. Ал Елубай Кенжалиев «Арайлы Ақтөбе» ансамбліне алды. Бұл да үшінші курс еді. Ол маған сыбызғы әкеліп, соны қайта жандандыруыма себепкер болған адам. Үлкен сахнаға да шыққанмын сол шақта. «Арайлы Ақтөбе» ансамблінде 11 жыл жұмыс істегенде көптеген байқауға, фестивальге қатысып, жүлделер алдық, шетелге көп шықтық. Бауыржан Ақтайдың «Сармат» тобында да өнер көрсеттім. «Астана сазы» ансамблінің құрамында болдым. Мен аспапқа қызықсам, ерінбей маманын тауып аламын, соған барып үйренемін.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Домбыра мен сыбызғыда ойнауды Алматыда үйрендіңіз...

- Иә, Ақтөбеде сазсырнай, жетігенді үйрендім. Осылай кете берді. Дәстүрлі музыканттардың тең жартысы ұлттық аспаптарда ойнай біледі десем артық айтқаным емес. Көп ұзамай саксафон курсына жазылдым. Сөйтіп Азамат ағайдан тәлім алдым. Өте талантты адам. Шынымды айтсам, қай аспапты үйренсем де өзіме табыс әкеледі деп ұмтылдым. 

- Бір аспапты үйренуге қанша уақыт жұмсайсыз?

- Адамдар 25-ке келдім, 30-дан астым деп айтып жатады. Бірақ аспапта ойнауды үйрену жас талғамайды. Тек ынта, аспапқа деген махаббат болуы керек. Адам соны үйренуге уақытын бөлуі тиіс. Музыканттардың ортасына кіріп, сол аспап туралы терең білуің керек. Саксафонда ойнауды үйрену үшін оны сатып алдым. Саксафондағы жаттығуларды бірде сыбызғы тартқанда пайдаландым. Сол кезде үні әуезді бола түсті. Арада уақыт өтіп, 2019 жылы «Дала үні» концертін бердім. Бұл өте қиын шаруа екен. Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Ақтай концертке музыка жазды. Оны адамдар көп біле бермейді. Шын мәнінде әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайда біріші орын алуына бірден бір себепкер болған кісі. Музыка жазады. Сөйтіп досым Нұрсұлтан Назарғалиев бағдарламасын жазып, досым Шоқан бейнеролик түсірді. Көрерменді қызықтыру үшін қақаған қыста мұздың үстінде отырамыз, далалыққа шығамыз. Түрлі аспапта ойнап, оны әлеуметтік желіге жүктейміз, концертке шақырамыз... Ал келіншегім билет сатты. Нәтижесінде 800 адамға концерт бердік. 

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Түрлі аспапта ойнаймыз, сонымен бірге зерттейтін де сияқтысыз...

- Иә, зерттеймін. Тарихын білмесең, ұғыну қиын. Сыбызғыда балықшылар, аңшылар ойнаған. Табиғат аясындағы өмірді баяндайды. Домбырада басқа. Күй – іштегі мұң. Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Түрмеден қашқан», Төлеген Момбетовтің «Салтанат», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», Қаршыға Ахмедияровдың «Күткенде» деп кете береді...

- Неге сахнадан кеттіңіз...

- Себеп көп. Бірақ ашығын айтқанда бостандыққа, еркіндікке ұмтылдым. Соны аңсадым. Бір жерде отыра алмадым. 10 жылдан кейін ұжымнан, үлкен сахнадан кеттім. Шешім қабылдау да ауыр болды. Әріптестеріңді сағынасың. Себебі әрқайсысы ағайыныңнан да жақын болып кетті. Ал сахна киелі, қылтың-сылтыңды кешірмейді. Мен кеттім, қайта оралу өте қиын болады. Қайта шықсам да күнде сахнада жүргендей болмайды. Қазір жүрген жерімде аспаптарды насихаттап жүремін. Ол да қазаққа қызмет деп түсіремін.

- Жүрген жеріңіз қай жер?

- Мектептерді аралаймын, қазақтың аспаптарын таныстырамын. Қазір өзім қылқобыз үйреніп жүрмін. Оны 30 жасымда бастадым. Ол да көне, керемет аспап. Жастар аспаптарымызды ұмытса, мәдениет де ұмытылады. Сол себептен кішкене болса да 3-4 баланың миында қалатын із қалдырғым келеді.

- Сізді кімдер шақырады? Таныстарыңыз ба?

- Танитыны да, естігені де бар. Ақы сұрамаймын, тегін барып, көрсетіп, таныстырамын. Балалар жетіген, сазсырнайға қызығады. Сазсырнай 1960 жылдары Отырар қаласында табылған. Оны Болат Сарыбаев танытты. Тарихқа сүйенсек, аспап бұрын болған, кішкентай балалар ойнаған. Саздан жасалады, күйдіріледі. Сазсырнайда ойнасаңыз, жазық дала, бостандықты сезінеміз.

- Сіз 12 аспапта ойнайды дейді. Атап өтсеңіз...

- Сазсырнай, шаңқобыз, домбыра, қылқобыз, саксафон, сыбызғы, жетіген, фортепиано, панфлейта, уілдек, дабыл, барабан деп кете береді.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қай аспапта жиі ойнаймыз?

- Барлығын да жиі ойнаймын. Тек саксафонымды сатып жібердім. Карантин кезінде ақша болмай, сату керек болды. Саксафоным Батырхан Шукеновтың аспабы еді. Оны Байғанин ауданына барғанда аңшыдан сатып алдым. Ол кісіге аспапты балдызы берген. Балдызы Батырхан Шукенов Ақтөбеге келгенде оны қонақ қылып күтіп, әнші ризашылығы ретінде аспабын тастап кеткен. Қорабын ашқанда ақ қолғабы бар ішінде. Ямаха маркалы тенор дыбысты саксафон еді. Қазір көп адам сұрап хабарласады. Бірақ менен алған адам да сатып жіберген. Аспап қазір Ақтөбеде, бірақ менде емес.

- Неше домбыраңыз бар?

- Менің үш домбырам болды. Қазір біреуі қалды. Жақын інім домбыра тартатын еді. Әжесі де үнемі қолдап жүреді. Үлкен кісі қалап, сұрады. Жолаушы шеберге жасатқан домбыраны арзан бағада саттым. Скрипка жасайтын ағаштан жасалған қара түсті еді. Дауысы сыңғырлап тұрады, тап-таза дауыс. Өзіме жақсы домбыра, ақ домбыра алғым келіп жүр.

- Аспаптарды меңгеруге деген қызығушылығыңыз жоғары. Неліктен?

- Қазақ болған соң барлығын білуім керек. Қамшы өру ме? Мен оны да үйрендім. Қазір ет жіліктеуді үйреніп жүрмін. Қазақтың ер азаматына не қажет, соның бәрін біліп, үйренуім керек.

- Қай аспапты тез, қайсысын жай үйрендіңіз...

- Сыбызғыны үйрену қиын болды. Сыбызғы тіл, тістің үйлесімдігіне, ауаны жұтып, шығару техникасына байланысты. Алғашында бастадым да тастап кеттім. Кейін табандылық таныттым. Алматыдан үйреніп кетемін деп шештім. Бір апта бойы дыбысын шығара алмадым. Пластикалық құбырды үріп үйретеді екен. 

- Шәкірт тәрбиелемейсіз бе?

- Балалар бар. Жанып тұрған жас көрсем, жол сілтеймін. Тіпті үйімде қона жатып үйренеді. Өзімнің білетінімді айтып, көрсетемін. Ал оқушыларды тәрбиелеу қиын. Үш оқушым болды. Мектепке келгені, үйіне жеткені қиын болып, бұл жұмысты тапсырдым.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Ұлттық аспаптарымызды әрі қарай таныта беру үшін не істеу керек?

- Күнде насихаттау керек. Адамның көзіне көрсете беру керек. Жарнаманы күнде көре берсе, адамдар алып көреді, тұтынады. Бұл да сол сияқты... Мәселен видео түсіруді меңгерген болсаңыз, осы аспапта ойнап, түсіре бер, көрсете бер. Әрбір шаңырақта домбыра тартса деймін. Бұрын «Мәңгілік сарын» фестивалі болды Алматыда. Өңірлерден шалдар келіп, концерт береді. Әрқайсысы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Өте керемет көрініс еді, шіркін!

- Ақтөбеде қалай дамып жатыр?

- Күйшілер одағы бар, ұйымшыл. Бәрімізде бір мақсат. Күйді насиахаттап, көрсету.

- Тойға шығасыз ба?

- Барлық аспапты апарып, көрсетемін.

- Аспаптарыңызды қалай күтесіз?

- Барлығы қымбат, бірақ ұнатса, сыйлаймын. Азамат Бақия деген шеберден аламын аспаптарды. Қазіргі заманның ғалымы, шебері. Ансамбльдің бәрі содан алады. Қазақтың мың аспабын жасап жатыр. 

- Айтарыңыз...

- Бір мақсат – қазаққа қызмет ету. Шетелдің аспаптары сияқты біздің де барлық аспабымыз бар. Қылқобыз, сазсырнай, домбыра, сыбызғы... Осы төрт аспаптың өзі көпті көрсетеді. Кез келген адам осы аспаптарда ойнап үйренсе деймін. Қазір бәрі заманға сай ыңғайлы етіп жасалған. Әлеуметтік желі арқылы онлайн үйренуге болады. Сонда ұлттық аспаптарымызды бағалап, төрге іледі. Екі ұлым, екі қызым бар. Ұлдарым атқа мініп, дала өмірін сезінгенін қалаймын. Қыздарыма аспапта ойнауды үйретсем деймін.