Ақтөбелік оқушылар ертең мектепке бармайды

Ақтөбе қаласының оқушылары дүйсенбі күні онлайн оқиды, деп хабарлайды Кazinform.

Фото: freepik.com

«25 желтоқсанда күн райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-11 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», - делінген Ақтөбе қаласының білім бөлімі таратқан мәліметте.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, ертең Ақтөбе облысының оңтүстігінде, солтүстігі мен орталығында тұман, көктайғақ күтіледі. Түнде облыстың солтүстігінде жаяу бұрқасын болады. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с құрайды.

Ал Ақтөбе қаласында көктайғақ болжанады. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде екпіні 15 м/с құрайды.

Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК 25 желтоқсанда бірқатар өңірде күн райының бұзылуына байланысты ескерту жариялады.