Ақтөбелік тұрғын қала жастарына атқа мінуді үйретіп жүр

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласының тұрғыны Русланбек Кәдіров қала балалары мен жастарына атқа мінуді үйретті. Бау-бақша ұжымының тұрғындары Наурыз мерекесінде де тай жарысын өткізді.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласындағы УВД бау-бақша ұжымының тұрғындары Наурыз мерекесіне орай киіз үй тікті. Киіз үй - атадан балаға мирас болып келе жатқан ескі үй. Мұндағы жабдық таза ағаштан, таза киізден жасалған. Сонымен бірге тұрғындар көк туды іліп, өздері де ұлттық киім киді. Бұл бау-бақша ұжымының балалары да алдын ала дайындалып, қамзол, бүрмелі көйлегін киіп келген. Оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері арқан тартып, өзара мықтыны анықтады. Ересектер оларға арнап сыйлық әзірлеп, таратты. Кейін аумақта тұратын балалар арасында тай жарысы өтті. Қазір бау-бақша ұжымында тай ұстап, атқа мінуді үйретіп отырған бірнеше жеке кәсіпкер бар.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Жастар атқа мінуге қызығады. Кейбірі бірінші келген күні қорқады. Сонда да өз қорқынышын жеңіп, үйреніп кетеді. Көбіне оқушылар, студенттер әуес. Білмегенін үйретеміз, аттар жуас болған соң бәріне ыңғайлы. Бізде бір айлық курс бар. Бала келіп, атқа мінуден бастап, шабуға дейін үйренеді. Бәрі адамға байланысты. Бір-екі рет келгеннен-ақ меңгеріп алатыны болады. Оны аз көргендері 12 рет келеді. 8 сабақ 20, ал 12 сабақ 30 мың теңге. Бұған жан-жағымыздағы көршілердің реніш білдіргенін көрмедім. Өзімде 8 жылқы бар,- деді ақтөбелік Русланбек Кәдіров.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ол бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Үнемі компьютерде отырған соң денсаулығы сыр беріп, омыртқасы ауырған.

- Дәрігерлер «атқа мінсе адамның омыртқасы түзеледі» деп айтты. Рас екен. Денсаулығым жақсарды. Сонымен қатар балалар атты саябаққа апарып, тұрғындарға қызмет көрсетті. Өз-өзін ақтаған соң осы істі шындап қолға алдық. Мемлекеттік қызметтен 2017 жылы кеттім. Қазір осы істі өзге кәсіппен қатар дамытып жүрмін. Өзімнің денсаулығым қалпына келді. Адамдар простатитке шалдығып, атқа мінуге келеді, емделеді. Бұл жердегі балалар жылқының не екенін білмеген еді. Біз ұстап, енді қолға алғанда қызығып, жанымда жүрді. Ал қазір олар асауды үйретеді. Енді осы кәсіпті әрі қарай дамытып, сайдың бойынан шаруашылық ашсам деймін. Адамдар табиғат аясында атпен серуендегенді жақсы көреді. Сонымен бірге қыста жабық алаң сұрайды. Қалада бағасы қымбат, соны қолжетімді еткім келеді,- деді Русланбек Кәдіров.

Фото: Алтынай Сағындықова

Қазіргі кезде Ақтөбеде ат ұстап, тұрғындарға қызмет көрсетіп отырған адамдар көбейіп келеді. Олардың кейбірі бір-біріне жақын орналасып, қолдау білдіреді.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Мен кәсіпті өзім бастадым. Сұраныс көп болған кезде ат жетпеді. Осы аумақта тұратын екі адамға айтып, шаруа бастауға кеңес бердім. Қазір бір аумақта үш шаруашылық бар. Оларда да ат жеткілікті. Жылқы керек болған кезде бір-бірімізге береміз. Ат бір аумақта жүреді,- деді ол.