Ақтөбелік үздік педагог студенттерді өнертапқыш болуға баулып жүр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жас маман сұранысқа ие болуы үшін оқып жүрген кезінде-ақ өндірістің қыр-сырымен танысуы тиіс. Зауыт пен цех ішінің бар технологиясы оқу орнында да болуы керек. Бұл екі арадағы алшақтықты жойып, кадр тапшылығы мәселесін шешеді әрі сапаны арттырады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ол үшін студенттер ғылыми жобаларға бейімделіп, өзіне қажетті дүниені өз қолымен жасап алуы керек. Үздік педагог әрі жас ғалым Дархан Шанбаев кадр дайындаудағы тиімді жолдарды айтты.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Жас ғалым әрі өнертапқыш. Қазір сіз туралы осылай айтуға болады. Жетістікке бастаған жолыңыз туралы айтып берсеңіз… 

— Қызылорда облысы Арал қаласындағы мектепті тәмамдап, Ақтөбедегі жоғары оқу орнына түстім. Физика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгердім. Кейін Орал қаласындағы жоғары оқу орнына тапсырып, электр энергетикасы магистрі атандым. Қазір Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде жұмыс істеймін. Жоғары оқу орнында студенттер деканы болып, ғылыми, мәдени жұмыстармен қатар еріктілер тобын ұйымдастырдым. Өзім оқушы кезімде музыка мектебінің домбыра класында білім алған едім. Оның да бір үлесі бар. Оқушы, студент кездегі белсенді жұмыс оқытушы болған кезде де жалғасып жатыр. Жас маман болсам да облыстың үздік кураторы, үздік жетекшісі конкурстарында жеңімпаз атанып жүрмін. Білім алушыларды жұмысшы мамандықтарға арналған WorldSkills конкурсына тәрбиелеп, олар әлемдік деңгейге шықты. ERG компаниясының білім беру бағдарламасы аясында «Альястың үздік педагогі» атанып, Польша, Германия, Францияда тәжірибеден өттім. 2024 жылы Ақтөбе облысының үздік педагогі атанып, кейін республикалық «Үздік педагог-2024» аталымын жеңіп алдым. «Мұғалім-Talks» диалог алаңы мен кейс-платформада жеңімпаз атанып, «Ұстаз — ұлт айнасы» төсбелгісін тақты.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Кейс-платформада не ұсындыңыз?

— Біз «университетке оқуға түсе алмайсың, колледжге бара бер» деген қасаң түсініктен арылуымыз керек. Қоғамда колледжге келген бала құны төмен жұмыспен айналысады деген стереотип бар. Үлгерімі нашар балалар жиналатын білім ордасы сияқты айтылады. Бұл дұрыс емес. Міне осыны ашық айтып, өз ойымды жеткіздім. Көп ұзамай елімізде «Жұмысшы мамандықтары» жылы жарияланды. 2025 жылы республикалық тамыз кеңесіне қатысып, Президенттің алдында жұмысшы мамандар дайындаудың артықшылықтарын айттым. Ол колледж бен өндіріс арасындағы байланыс, кадрды бірлесе дайындау жолы. Қазір қоғам ойы өзгерді. Бұрын колледж талапкерлерді іздесе, бүгінде олар өздері сұранып келеді. Көп ұзамай «Шапағат» медаліне лайықты деп таныды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Енді жобаларға тоқталайық. Ақтөбеліктерге таныс «Смартхан», «Таза Қазақстан», «Робоинженер» жобалары қалай іске асты?

— «Таза Қазақстан» акциясы аясында ақылды қоқыс жәшіктері іске қосылды. Қоқыс жәшігінің қақпағы өздігінен ашылады, тазалыққа үлес қосқаныңыз үшін алғыс та айтады. Сонымен бірге велошредер де жасап шықтық. Адам велосипед тебеді, бір жағынан қағаз немесе пластик бұйымдарды ұсақтайды. Салауатты өмір салты әрі пайдалы іс. Ақтөбеде қағазды, пластик бұйымдарды өңдейтін цех салынып жатыр. Мұның бәрі өндіріске қажетті идея. Әрі интернет дамыған, ЖИ енген шақта сыни ойлауды жетілдіруге септігін тигізіп тұр. «Смартхан» — қазақ тілінде сөйлейтін робот. 80-ге жуық сұраққа жауап бере алады. Ұлттық құндылықтарды біледі, мақал-мәтел айта алады. Арнайы бағдарламаға бәрі енгізілген. Үш жыл бұрын құрастырылғанда ЖИ енгізілмеген еді. Енді осы жобаны жаңартып, ЖИ-ді қолдануды жоспарлап отырмыз. Негізінен білім ордасында өндірісті автоматтандыруға басымдық береміз. Су ресурстарын, электр энергиясын үнемдеу, баламалы электр қуатын өндіру жобаларының бәрін дайын макеттен көріп қана қоймай, өздері жасап, іске қосады. Бір айта кетерлігі, бәрін қолдан жасамыз. Қазіргі кезде «Робоинженер» жобасын да жасап шығарып отырмыз. Жеке қорғаныш құралымен жабдықталған манекеннің дабысты көмекшісі бар. Ол өзін балаларға таныстырады. Мәселен, ақылды каскада бейнекамера болады. Шахтерлар кисе жазатайым оқиғалардың қалай болғанын көруге болады. Газ түзілсе, діріл шамадан тыс асса, сигнал да береді.

— «Смартхан» ұлттық құндылықты дәріптей алады деп айттыңыз. Жаңа технология мен құндылықтар арасында байланыс бар ма?

— Қазақта «Арқан тартыс» ойыны бар. Біз енді виртуалды жүйені пайдаланамыз. Сұрақтар қояды, кім бірінші әрі нақты жауап берсе, жеңімпаз атанады, яғни арқан сол командаға қарай ығысады. Қыз қуу да дәл осы әдіспен құрастырылды. Интеллектуалды ойында жігіттер дұрыс жауап берсе, қызды қуып жетеді. Ал қыздар озса, жігіттерді қамшылауға рұқсат. Тек бәрі виртуалды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— «Кітап оқитын ұлт» жобасына да қатысатын уақыт тапқан екенсіз…

— Күн сайын екі сағат кітап оқимын. Екі сағат ішінде 60-80 бет оқуға болады. Жобадағы кітаптың көбін мектеп кезден бастап оқуған едік. Бұл жолы қайта саралап жатырмыз. Педагог ұлттың айнасы болам десе жан-жақты, сауатты болуы керек. Қазір электрик мамандығын меңгеріп жүрген студенттер де осы жобаға қатысып жатыр. Бір топтың 25 студенті кітап оқиды. Алғашында бәрі қарсы болса, қазір көзқарас өзгерді. Сабақтан кейін талдау жасап, видеоға да түсіреді. Жобаға олар жетекшісімен қатысып жатыр. Мұның бәрі тәрбие құралы. Әсіресе жасөспірім шақта педагогке үлкен күш түседі.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұған дейін Қазақстанның білім беру жүйесінде барлық деңгей бойынша 600 мыңға жуық педагог еңбек ететінін жаздық.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform