Ақтөбелік жолаушы лас вагон үшін моральдық шығын өндіріп алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Атырау-Ақтөбе жолаушылар пойызына қызымен мінген ақтөбелік тұрғын тасымалдаушы компаниядан моральдық шығынды өтеп алды.
Іс Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Ақтөбелік тұрғын «Жүк тасымалы» АҚ-нан жолаушылар пайдасына материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық шағым түсірді.
Іс материалына сүйенсек, қала тұрғыны кәмелетке толмаған қызымен бірге «Атырау-Ақтөбе» бағытындағы пойызға отырады. Сол кезде вагон ішінің лас, шаң екенін айтып, судың да жарамсыз күйге түскенін хабарлаған.
Жолсеріктерден орнын басқа вагонға ауыстырып беруді сұрады. Бірақ сұрағаны болмай, кейін сол жерге полиция қызметкерлерін шақырады. Олар вагондағы жағдайды фото, видеоға түсіріп, тіркеген.
- Талап қоюшы өзінің және кәмелетке толмаған қызының лас сумен жуынғанын, лас вагонда ұйықтауына тура келгенін, олардың денсаулығына қауіп төнгенін айтып, билет құнын қайтаруды және моральдық залалды өндіруді сұрады. Соттың шешімімен жауапкерден жолаушылардың пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян және өкілдің көмегіне жұмсалған 200 000 теңге өндірілді. Билет құнын өндіру туралы талапты сот қанағаттандырудан бас тарту қажет деген қорытындыға келді. Себебі олар діттеген орынға жетті, яғни, тасымалдау шартының талаптары толық орындалды,- деп хабарлады Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.