Ақтөбеліктер инвестиция салмақ болып алданып қалды

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік зейнеткер инвестиция салмақ болып, 4,7 млн теңге ақшасынан айырылды. Тағы бір тұрғын әлеуметтік желі арқылы жас жігітпен танысып, өзіне несие рәсімдеген.

Ақтөбелік зейнеткер алданып, кейін полициядан көмек сұрады. Өзін шетелдік Industrial Trading компаниясының менеджері ретінде таныстырған бейтаныс адам алғашында YouTube арқылы сөйлескен. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып инвестиция, шетел валютасын сатып алу және қаражатты теңгеге айналдыру туралы айтып, сенімге кіреді. 

- Алаяқ жәбірленушіден 4 743 000 теңге көлеміндегі қаражатын иемденген. Ақша мобильді қосымшасы арқылы әртүрлі шоттарға аударылған. Жәбірленуші алаяқтың арбауына түскенін түсінген соң бірден полицияға жүгінген. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Сонымен бірге 29 жастағы ақтөбелік танысу сайттарының бірінде жас жігітпен сөйлеседі. Кейін Telegram мессенджері арқылы хабарласады. 

- Бейтаныс адам оған цифрлық активтерге инвестиция салуды және валюта сатып алу-сату арқылы табыс табуды ұсынған. Жаңа танысына сенген әйел 2 миллион теңгеден астам қаражатты «инвестиция» ретінде аударған. Аталған соманың бір бөлігі жеке жинақ, қалғаны банктен алынған несие болған,- деді Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, биыл үш айда облыста 1500-ге жуық алаяқтық дерегі тіркелді. Соның 250-ге жуығы дәл осылай оңай жолмен ақша табамын деп алданған. 

Бұған дейін Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтардың ҚҰБ-тың ресми бланкісін қолданып, жалған құжат ұсынған жағдайлар жиілеп кеткенін ескертті