Ақтөбеліктер Көрісу күні «Қазақ халқына мың алғыс» стеласына жиналды

Фото: Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеліктер Көрісу күні мәдени-танымдық шараларға қатысты. Онда Көрісу керуені өтіп, кимешек киген әжелер көшеде жүріп өтті.

Ақтөбе облысы бойынша бүгін Көрісу керуені өтті. Мұнда ардагерлер мен жастар бірігіп, қаладағы тұрғын алаптарына барды. Онда Наурыз мерекесінің басы Көрісу күнінің мән-мағынасы түсіндірілді. 

- Бүгін - жаңа жылдың бастауы. Дәстүрлі мерекеміз Көрісу күні деп аталады. Біздің бала кезімізде осы күннен бастап үлкендерге сәлем бере бару міндет болатын. Ал аға ұрпақ бізді күтіп жүретін. Биыл Наурыз мерекесі өте тиянақты ұйымдастырлып жатыр. Әр күннің өз мән-маңынасы бар. Біз тіліміз бен дәстүрімізді сыйлап, құрметтесек, өзгелер де құрметпен қарайды,- деді ардагер ұстаз Камалхан Қуанұлы. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабында Кимешек керуені өтті. Оған 100 әже қатысып, қала көшесімен жүріп өтті. 

- Кимешек әжелердің ғана емес, қазақ халқының ұлттық киімі. Жас босанған ананың баласы қырқынан шыққаннан кейін сол әулеттің әжелері арнайы кимешек тіктіріп, кигізген. Қатарымызға қосылдың, сен де әулеттің анасы боласың деп айтқан. Тек кимешектің түсіне қарай өзгешелегі болады. Жас келіншектер кимешекті тақиямен бірге киген. Ал қариялар ақ кимешек киді. Мағынасы нағыз ана болу, кимешекке лайық адам болу дегенді білдіреді,- деді Мадина Дүйсенқұлова. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ал негізгі мерекелік шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласында өтті. Онда театрландырылған көрініс қойылып, қолөнер шеберлері көрме ұйымдастырды. 

- Амал мерекесінің орны ерекше. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Наурызнама» тұжырымдамасы бекіді. Бұл салт-дәстүрді дәріптеу, атадан балаға аманат болған ұлттық ғұрыпты жалғастыру болып есептеледі. Бұл татулық пен бауырмалдықтың үлгісі. Бұл нағыз халықтық мереке. Тату болсақ, бірлік нығая түседі,- деді Ақтөбе облысының әкімі. 

Айта кетейік, облыста 22-наурызға дейін түрлі танымдық, мәдени, ағартушылық шара өтеді.