Ақтөбеліктердің тең жартысынан астамы әлі күнге дейін декларация тапсырмады

Фото: Қаржы министрлігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңіне 100 мыңнан астам адам қатысуы тиіс. Қазіргі кезде ақтөбеліктердің тең жартысынан астамы әлі күнге дейін салық органдарының талабын орындамай отыр.

Жалпыға бірдеу декларация төрт кезеңнен тұрады. Биыл үшінші кезеңі өтіп жатыр. Ережеге сәйкес бұл кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайы алдын ала дайындалған сұрақтарға жауап беруі тиіс. Ақтөбе облысы бойынша бірінші және екінші кезеңде 145 мың адам қатысты. 

- Биыл 102 адам декларация тапсыруы тиіс. Бүгінгі күні оның тек 45 мыңы ғана сұрақтарға жауап беріп, құжаттарын реттеді. Бұл бар болғаны 44%. Декларацияны 15-қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсырады. Ол үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдалануға болады. Немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшасы қажет,- деді Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асылбек Қалменов. 

Айта кетейік, елімізде келер жылы төртінші кезең болады. Ол кезде кәмелет жасқа толғандардан бастап барлық санаттағы адамдар декларация тапсырады.