Ақтөбенің әкімдігі далада қалған 200-ден астам адамның тек екеуіне көмектеспек
Дөң кен байыту комбинатына тиесілі жатақханаға қоныстанған Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының тұрғындарына жергілікті әкімдік көмектесе алмайды.
«Жатақхана Дөң кен байыту комбинатына тиесілі. Ғимарат ескі. Дөң кен байыту комбинаты бірнеше мәрте сараптама өткізіп, нәтижесінде апатты деп танылды. Сол қорытындыға байланысты Хромит, Спорт қонақ үйіне орналастыруға келісімге келді. Жұмысшылардың көбі комбинатта жұмыс істейді. Мәлім болғаны, 3 баласы бар отбасы біздің әкімдік арқылы жатақханаға орналастырылған екен. Сол отбасыны әкімдік иелігіндегі пәтерге орналастырамыз»,- деді Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Сейтмағамбет Шілманов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, зейнеткерлер мен жетімдер, жалғызбасты аналар мен кеншілер қоныстанған жатақхана апатты деп танылып, зауыт басшылығы тұрғындарға 1 ай уақыт берді. Табысы аз отбасы мүшелері пәтерден шығудан бас тартып отыр.
Олар далада түнеп, күркеде күнелтуге бекініп отыр. Кейбірі «балаларымды баға алмай, жетімдер үйіне өткіземін» деген ойға келген. Ашуға булыққан тұрғындар өз-өзін өртен жіберу туралы айтты.
«Барлығы 243 адам жатақханада тұрады. 51 бөлмеде отбасылы 163 адам тұрып жатыр. Сонымен қатар жалғызбасты 49 адам бар. Екі зейнеткер де қоныстанған. Бәріне аудан әкімдігі жауапты. Тұрғын үй комиссиясының төрағалығы аудан әкімшілігінде. Хромтау аудандық қаржы бөлімі де жауапты. Жатақхана қалада орналасқанымен, бәрі аудан әкімдігінен көмек сұрап барады. Сұрақтың қалай шешілетінін білмеймін. Жатақхана Дөң кен байыту комбинатына тиесілі. Бәрі өз жұмысшыларына арналған орын. Соңғы жылдары адамдар қоныстана бастады. Сараптама тұжырымына байланысты, жатақхананы пайдалануға болмайды. Апатты деп айтылған соң өткен жылы жөндеу жасау туралы сөз қозғалды. Бірақ тұру қауіпті екен. Комбинат 320 миллион теңге бөліп, жаңа жатақхана салмақшы»,- деді Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазин.