Ақтөбенің қаржы полициясы 2 жасырын казино мен 3 ойын салонының қызметін тоқтатты

None
АҚТӨБЕ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы бойынша қаржы полициясы департаменті 2012 жылдың басынан бері заңсыз ойын бизнесі саласындағы 5 қылмысты анықтады.

Бұдан басқа, 2 жасырын казино мен 3 ойын салонының қызметі тоқтатылды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен. Заңсыз айналымнан шамамен 1,7 млн. теңге алынды.

Осылайша, ақпан айының аяғында жедел-іздестіру шараларын өткізу кезінде 11-ші шағын ауданда орналасқан ойын салоны анықталды. Полиция қызметкерлері осында келушілердің ойын автоматтары салонының операторына ақша: 1 несие - 1 теңге, ең аз мөлшерлемесі 500 теңге беретіндерін анықтады. Электрондық рулеткада ең аз мөлшерлеме 1000 теңгені құраған.

Тексеріс барысында бұл жерде тыйым салынған ойын бизнесіне арналған 10 ойын автоматы мен 1 электрондық рулетка анықталып, тәркіленді. Аталған факті бойынша салон иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, айыптау қорытындысымен прокуратураға жіберілді.

5 наурыз күні Жүргенов көшесінде ішінде 15 ойын автоматы мен 2 электрондық рулетка, сондай-ақ 106,5 мың теңге және 100 АҚШ доллары көлемінде ақшасы бар ойын салоны анықталды. Аталған заттар мен ақша тәркіленді. Мұндағы несие мөлшерлемесі 5 теңгені құраған еді. Тағайындалған сот-экономикалық сараптамасының қорытындылары бойынша процессуалдық шешім қабылданады.