Ақтөбенің озат оқушылары Ресей мен Өзбекстанда демалады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 43 мыңнан астам бала қатысқан мерекелік шеру болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үздік оқушыларға Татарстан, Өзбекстан, Ресейдің жазғы лагерьлеріне жолдама тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының 625 оқушысы жаз бойы Татарстан, Өзбекстан, Ресейдің Орынбор облысындағы лагерьге барып, тынығады. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстанның жазғы лагерьлеріне 400 жолдама тапсырылды. Мәселен, Ақтөбе қаласынан - 268, Мұғалжар ауданынан - 51, Шалқар ауданынан 40 оқушы үздік оқып, спортта жетістікке жеткені үшін ерекше сыйға ие болды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның балалары қазіргі заман талабына сай білім, тәрбие алсын, өздерінің шетелдегі құрдастарынан, құрбыларынан кем болмасын деп жағдай жасап жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі саясатының бірі - балаларға жақсы тәрбие, білім беру»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бәрінен бұрын Татарстанға баратын оқушылар қуанды. Робототехникаға қызығып, жарыс кезінде жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушылар өздері армандаған лагерьге барады. Себебі, оларға ІТ технологиясы жақсы дамыған арнайы лагерьге жолдама берілді.

«Мен М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқимын. Біз баратын лагерь роботехника саласына бағытталған екен. Осы салаға қызығушылық танытып отырмын. Өзім мектепте облыстық, республикалық, халықаралық робототехника байқауларына қатысып, бірінші орын алып жүрмін. Пікірсайысқа да қатысамын. Болашақта ІТ маман болғым келеді»,- деді Бибізейнет Тыныштықбай.

Айта кетейік, бүгін Ақтөбе облысы бойынша 43 мыңнан астам оқушы, студент, педагог мерекелік шеруге шықты. Қала мектептерінің оқушылары басты даңғылмен жүріп өтіп, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал «Бақытты бала» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын үш мектепке және қаланың 7 білім ордасына тасымал үшін ыңғайлы көлік сыйға берілді.