Ақтөбенің агросаласы алға басып келеді: 4 айда 61,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 2025 жылдың алғашқы төрт айында Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі қарқынды дамып, 61,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексін 102,5%-ға жеткізді.
- Төрт түліктің саны артты: ірі қара – 626,1 мың, қой-ешкі – 1,28 млн, жылқы – 362,8 мың, түйе – 23,9 мың басқа жетті. Облыста 100-ден астам қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 4 сүт зауыты мен 11 ет өңдеу кәсіпорны бар. Сүт өңдеу қуаттылығы – жылына 68 мың тонна, ал ет өндірісі – 25,3 мың тонна, - деп жазды АШМ баспасөз қызметінен.
2025 жылдың алғашқы 4 айында агросалаға 5,1 млрд теңге инвестиция тартылды. 2025-2027 жылдары жалпы 63,2 млрд теңгеге 50 жоба іске асырылмақ. Соның ішінде биыл 16,5 млрд теңгеге 14 жоба жоспарланған.
Ақтөбеде өндірілген өнімдер бүгінде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан және тағы басқа елдерге экспортталып жатыр. Экспортпен айналысатын ірі кәсіпорындар саны 15-тен асады.
Айта кетейік, агроөнеркәсіп кешенінде құны 3,3 трлн теңге болатын 677 жоба іске асырылады.