Ақтөбенің Ақөткел өзекшесінде балық қырылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ырғыз ауданы Ақөткел өзекшесінде балық қырылды. Өзекшеден 70 келі өлі балық жиналды.
1 сәуір күні Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына балықтың қырылғаны туралы ақпарат түсті.
Оқиға орнына инспекция мамандары барды.
— Ақөткел өзекшесіне Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты, Ырғыз аудандық әкімдігінің мамандары барды. Су айдынына барып, балық өлу дерегін растады. Өлген балықтың (шортан, сазан) жалпы салмағы — 70 кг. Сол жерде аудандық әкімдік тарапынан өлген балықты жинау жұмыстары ұйымдастырылды. Зертханалық тексеру үшін балық және су сынамалары алынды. Балықтың нақты өлу себебі зертханалық тексеру нәтижелерінен соң белгілі болады, — деп хабарлады Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.
Еске салсақ, ақпан айында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қойбағар су айдынында балық қырылды.