Ақтөбенің Достық ауылында үй өртеніп, екі зейнеткер мерт болды

Фото: Pyxabay.com

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Достық ауылында өрт болды. Екі адамның денесі табылды.

Оқиға 17 мамырдан 18 мамырға қараған түні болды. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндіру барысында 1955 және 1958 жылы туған екі адамның денесі табылды. Үйдің ауданы — 90 шаршы метр. Өрт қазіргі кезде сөндірілді. 

Айта кетейік, дәл осы Мәртөк ауданында бірер күн бұрын оқу-жаттығу өтті. Онда орман және дала өрттерін сөндіру тапсырмасы орындалды. 

— Сценарий бойынша ауа температурасының күрт жоғарлауына байланысты дала алқабының құрғақ шөбі жанды. Салдарынан Мәртөк ауданының орман қорына өту қаупі туындады. Төтенше жағдай орнына жалпы саны 183 адам және 35 бірлік техника болатын күштер мен құралдар жұмылдырылып, орман, дала өртін сөндірді. Тактикалық оқу-жаттығу жиынының нәтижелері бойынша лауазымды тұлғалар мен қатысушылардың өзара іс-қимылына талдау жүргізіліп, баяндамалары тыңдалды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.